ОСЫ БІР АҚШЫЛ ӨҢДІ АЗАМАТТЫ 1965 ЖЫЛЫ АУДАНДЫҚ «ИНДЕР» (КЕЙІНГІ «ДЕНДЕР») ГАЗЕТІНДЕ ОСЫ ЖЫЛДЫҢ МАМЫР АЙЫНДА КЕЗДЕСТІРДІМ. САБЫРЛЫ, БАППЕН СӨЙЛЕЙТІН, МІНЕЗІ ЖАЙСАҢ АЗАМАТ ЕКЕНІ БІРДЕН БАЙҚАЛДЫ. МЕН РЕДАКЦИЯДА ӘДЕБИ ҚЫЗМЕТКЕР, БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ, РЕДАКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ БОЛЫП ЖИЫРМА ШАҚТЫ ЖЫЛ ЖҰМЫС ЖАСАҒАНДА АРЫСТАНҒАЛИ МАМАЕВ АҒАМЕН БІР КАБИНЕТТЕ ОТЫРДЫҚ. ОЛ БАСПАХАНА ДИРЕКТОРЫ. БІРАҚ БАСПАХАНА ТАР. БАСШЫ ОТЫРАТЫН ОРЫН ЖОҚ ЕДІ. РЕДАКЦИЯ МЕН БАСПАХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ХАТШЫСЫ ҚЫЗМЕТІН ҚОСА АТҚАРДЫ.
Ұлы Отан соғысы басталғанда 20-дағы жас Ленинград түбінде жауынгерлік міндетін өтеп жатқан болатын. Әңгімелеп отырған кейіпкеріміздің өмірбаяны мен еңбек жолын таныстырсам артық болмас. Арыстанғали Мамаев аға 1921 жылы Қызылқоға ауданының Қаракөл болысында туылған. Үш жасында анасы, жеті жасында әкесі қайтыс болған соң туған ағасы Үмітқалидың қолында болып, тәрбиесін көреді. Ағасы 1928 жылы Қызылорда қаласындағы оқытушылық институтты бітіріп келіп, Бақсай ауданындағы Қызылүй орта мектебіне оқытушы болып жұмысқа орналасады. Қамқор аға қанаты астында жүріп 1936-37 жылында Арекең жетінші сыныпты бітіріп, сол жылы Гурьев қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепте білім алуын жалғастырады. Мектепті 1938 жылы бітірген соң Орал қаласындағы педагогикалық институтқа түседі. Институттың екінші курсында жүргенде 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, азаматтық борышын Ленинград маңында шекарада өтейді. Арыстанғали аға 1947 жылы неміс фашистері басакөктеп кіргенде алғашқы таңда-ақ жауға қарсы оқ атқан өжет жауынгерлердің бірі болды.
Алғы шепте баса-көктеп өткен жаудың тылында қалып сан қиындықты бастан өткерсе де мойымай, қоршауды бұзып өтіп, өз әскерлеріне қайта қосылған ержүрек қазақ. Сол 1941 жылы Ленинградтағы Невская Дубровка деген жерде аяғынан ауыр жараланып, 1943 жылға дейін госпитальда емделіп, 22 жастағы жігіт елге мүгедектік алып оралады. «Біз қанша атсақ та жаудың қатары сиремейді. Ал біздің солдаттар шейіт болуда. Неге? Винтовканың патронын ашып қарасақ, қорғасын оқ жоқ екен. Жағамызды ұстадық. Бірақ командирге айтуға батылымыз жетпеді. Әйтеуір, кейіннен Кеңес әскерлерінің қаруы жақсарды ғой. Әйтпесе жеңе алмас едік», деген әңгімесі есімде қалыпты. Елге келісімен еңбекке араласып, Қызылжар мектебінде оқытушы, одан кейін 1945 жылы Құрылыс мектебінде директор болып жұмыс жасайды. 1947 жылы Қазбек мектебінде 1952 жылға дейін оқытушы, одан аудандық партия комитетіне нұсқаушылыққа ау - ыстырылады. 1954 жылы «Степан Разин» атындағы колхозға партком хатшысы болады. 1955 жылы қайтадан нұсқаушылыққа жіберіледі.
Аудан орталығы көшкен соң Кулагино селолық кеңесінің төрағасы болып жұмыс істейді. Арекең 1967 жылы аудандық ба- спаханада директор, кейін үйлестіруші маман (накладщик) болып ұзақ жылдар еңбек етті. Арыстанғали ағаның ұзақ жылдарғы еңбегі жеміссіз болған жоқ. Майдандық орден-медальдарына В.И.Лениннің 100 жылдығы «Еңбек ардагері» медальдары, Құрмет грамоталары қосылды. Ауданның Құрметті азаматы атағын алды. Ол соғыс және еңбек ардагері ғана емес, ортасына сыйлы азамат, шаңырақтың мәуелі бәйтерегі еді. Батиха әже екеуі Ресей космостық жүйесінде еңбек еткен білікті инженер Жауғаштыдай ұл тәрбиелеп өсіріп, Әлімжан, Айнұрдай немере сүйді. Амал қайсы, ата-анасы зор үміт артқан ұлы Мәскеуде жүріп өмірден ерте өтіп, налытып, мұңға берілсе де қызы Галина көңілге демеу бола білді.
Арыстанғали аға өте іскер жан-тын. Баспахана директоры болғанда сөз бен сөйлем теретін линотип күрделі құрылғысы бұзылып істен шықса, үстіндегі қара костюм мен ақ көйлегін, галсту - гын шешпестен жерге шалқасынан жатып, күрделі техниканың тетігін қалайда жөндейтін. Осындай іскер, еңбекқор жан өмірден өткенде туғандары, бауырлары ғана емес, жұмыстастары – біздер де қатты қайғырдық. Тағдырға қарсы тұрар пенделерде қандай қауқар болушы еді?! Жыладық, сықтадық, қайғырдық, ақырында көндік. Әйтсе де, ел-жұрты, кейінгі ұрпақтары оны ұмытпайды.
Кеңес САҚИ,
ауданның Құрметті азаматы