Индер аудан аумағында бизнес үшін барынша қолайлы инвестициялық ахуал құру мақсатында аудан әкімі Серік Нысанов апта басында Атырау облысының делегациясымен бірге Қытай елінің астанасы Пекин қаласында ресми сапармен жүр.
ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі арқылы жүзеге асқан іс-сапар аясында Қытай елінің бірқатар алпауыт компания өкілдерімен шағын және кеңейтілген форматта бірнеше кездесулер өтті.
- Қытайдың ірі құрылыс және инженерлік, цемент өндіру саласында маманданған мемлекеттік және жеке компанияларының жұмысымен таныстық. Көптеген елдерде ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырған компаниялардың өкілдерімен және қытайлық инвесторлар жұмыс тобына Атырау облысында, оның ішінде Индер ауданының инвестициялық әлеуеті жайында кеңінен ақпарат беріп, келешекте ортақ жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырудың перспективаларын қарастырдық. Іс-сапарымыз Қытай елінің басқа өңірлеріне барумен жалғасады және нәтижелі болуына жұмыстанамыз, - дейді Серік Нысанов.
Инвистиция – игіліктің бастауы. Дамыған елдерден үлгі алып, елге инвестор тарта білсек, ауданымызда жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл- ауқаты да жақсарар еді. Яки қазба байлығы мол Индерге инвестор ағылса, игілігін ел көреді емес пе?!
«Дендер-Ақпарат»