Биыл қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды.
Астанада баба рухын асқақтатып, «Астана-Арена» стадионының төрінде аты аңызға айналған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының алып портреті бейнеленді. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жасалған ең ірі бұл портрет-фотомозаика әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде енді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – жай ғана көркем шығарма емес, ерлікке деген жас ұрпақтың жүрегінен шыққан алғыс пен тағзым. Сонымен қатар мозаика композиция ұрпақтар сабақтастығы мен елдік рухтың көрінісі десек болады.
Қазір жоба дүниежүзілік рекордтар кітабына ұсынылды. мұндай алып туындыны жасаған өнерлі балалардың есімі халықаралық жетістіктер кітабына енгізілмек.
Ерекше патриоттық іс-шараға елорданың шығармашылық үйірмелер мен мемлекеттік тапсырыс жеткізушілерінен 600-ден астам бала және 115 ұйым қатысты. Балалар жасаған жүздеген сурет бірігіп, батырдың алып портретіне айналды. Жалпы көлемі – 2 736 шаршы метр, ал мозаиканың өлшемі – 32 метрден 70 метрге дейін. Әрбір бөлігі – баланың шын ықыласпен салған еңбегі. Бұл – әлемдегі ең үлкен портрет. Оны әзірлеу үшін оқушылар бірнеше апта дайындалып, еселі еңбек еткен.
– Мен қатты қуанып тұрмын. Өйткені көп уақыт дайындалдық және ол – біздің еңбегіміз, біз батыр бабамыздың портретін бейнелеуге бар өнерімізді салдық, – деді оқушы Аружан Бірлес.
Астана әкімдігі ұйымдастырған ауқымды жобаның басты ерекшелігі – мозаика бөліктерінің әрқайсысы балалардың жеке шығармашылық жұмыстары негізінде құрастырылған. Балалар өз қолдарымен жасаған туындыда батырдың ерлігі мен тұлғасына деген құрмет пен ізетті бейнелей алды.
– Әлемдік рекордтар кітабына еніп, сертификатты алып, тарихқа өз үлесімізді қосып жатырмыз. Барша қатысушыларға үлкен рақмет, Жеңіс құтты болсын!, – дейді «Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясы» КММ басшысы Ерлан Жалғас.
Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерінің қаһармандығын әлемге әйгілеп, ерлігі, батырлығы мен әскери шеберлігін көрсетті.