Жақында Доссор кентінде спорт ардагері Мақат ауданының құрметті азаматы, еркін күрестен КСРО спорт шебері, жерлесіміз Құсайынов Тлекқабыл Базарбайұлын еске алуга арналған еркін күрестен ашық республикалық турнир өтті.
Аталмыш турнир Қазақстан Республикасында еркін күресті кеңінен таныту мен насихаттауды, спорттық атақтарды, разрядтарды және біліктілік санаттарын беру нормаларын орындауды, спортшылар арасындағы бәсекелестікті арттыру және салауатты өмір салтын нығайтуды мақсат етеді.
Жарыстың ашылу салтанатында алдымен мемлекеттік Әнұран орындалды.
Әрі қарай аудан әкімі Азамат Мәмбетов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
2012-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирге Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарынан келген барлығы 259 спортшы қатысты.
Олар 12 түрлі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Нәтижесінде, әр салмақтың жеңімпаздары анықталып, олардың 48-і жеңіс тұғырынан көрінді. I, II, III орынды жеңіп алған турнир жеңімпаздары аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің тағайындаған диплом, медаль және кубоктарымен марапатталды.
Ә.ҚАСЫМ