Жылдағы дәстүр бойынша Социалистік Еңбек Ері, «Құрметті теміржолшы» Латип Шахатовты еске алу құрметіне дзюдодан республикалық ашық турнир өтті.
Теміржолшының өмір жолымен танысқан спортшылар алдында кент әкімі Бекәділ Жайкин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов сөз сөйлеп, сәттілік тіледі. Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Атырау облысынан келген 240 палуан боз кілемде белдесіп, өз салмақ дәрежелерінде сынға түсті. Жарыс нәтижесінде А.Қуанышкерей(23кг.), Е.Сарқыт(26кг.), Қ.Жекиев (28кг.), Т.Кубеген (32кг.), А.Аманұлы (35кг.), С.Мералиев (38кг), Е.Шонай (42кг.), Қ.Қыдырқожа (46кг.), А.Уалижан (50кг.), У.Жарылғас (+50кг) бірінші орынды жеңіп алды. Ауданға келген өзге талапкерлер де әр салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, тиісті орындарын иеленді.
Палуандардың ерекше өнері де бағаланып, мерейін көтерер марапаттардан да қалыс қалмауына ықпал жасалды. Еңбегімен ер атанған аға буын рухын қастерлеп, жас ұрпақ санасына салауаттылықты сіңіруді мақсат еткен шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы аудан азаматтарының бірлігін танытты.
Г.ИГІЛІКҚЫЗЫ.