Қаңтар–қараша айларында Атырау облысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 12,8 трлн теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 119,3 пайызға өсті. Өсім негізінен тау-кен өнеркәсібі есебінен қамтамасыз етіліп, бұл салада өндіріс көлемі 121 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібінде де оң динамика сақталып, өнім көлемі 102,8 пайызды көрсетті.
Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,5 трлн теңгеге жуықтап, Атырау облысы республика бойынша Алматы мен Астанадан кейін үшінші орынға шықты. Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы жаңа өндірістердің ашылуына және жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік берді.
Өңірде шағын және орта кәсіпкерлік те тұрақты дамуда. Қазір 70 мыңға жуық ШОК субъектісі тіркеліп, оның 65 мыңнан астамы белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл салада шамамен 140 мың адам еңбек етеді. ШОК өндірген өнім көлемі 2,4 трлн теңгеден асып, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 21 пайызды құрады.
Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті қолдау жалғасып, өңірдегі инвестициялық және іскерлік белсенділік артып келеді.



