Қазақстандықтар өтіп бара жатқан жылдағы басты оқиғалар мен мәселелерді айтты.
2025 жылдың 25 қарашасынан 5 желтоқсанына дейінгі аралықта DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы ел азаматтары арасында «Қазақстандағы 2025 жылғы мейлінше маңызды оқиғалар» тақырыбында сауалнама жүргізді. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен ынтымақтаса отырып, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды.
DEMOSCOPE бюросының сауалнамасына сүйенсек, өтіп бара жатқан жыл қазақстандықтарға жеңіл болған жоқ. Сауалнама қоғамда үрей деңгейі жоғары екенін, халық мемлекеттің реформаларын күмәнмен қабылдайтынын және үкіметке сенім деңгейі төмен екенін көрсетті.
Екінші жыл қатарынан азаматтарды алаңдатып отырған мейлінше өткір мәселелер тізімі өзгеріссіз қалып отырғаны да көп жайттан хабар береді. Өткен жылмен салыстырғанда, кері динамика байқалады.
DEMOSCOPE сауалнамасы бойынша, 2025 жылы қазақстандықтарды бәрінен қатты мазалаған мәселелер мынадай:
Табыстың төмендігі 40,9% (2024 жылы – 37,6%)
Аса қажет тауар бағасының өсуі 35,6% (2024 жылы – 28,3%)
Жемқорлық 32% (2024 жылы – 26,8%).
2025 жылы елді мазалаған келесі мәселелер мынадай:
4. Денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттанбау (26,8%)
5. Қоршаған ортаның ластануы (24,4%)
6. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы деңгейінің төмендігі (23,9%)
7. Баспанаға қол жеткізу қиындығы немесе оның жағдайының нашарлығы (23%)
8. Білім беру жүйесіне қанағаттанбау (18,4%)
9. Жұмыс орындарының жетіспеуі және жұмысқа тұрудың қиындығы (17,4%)
10. Көлік инфрақұрылымының нашарлығы (жол, жиекжол және т.б.) (11,7%).
Респонденттердің 11,9%-ы ештеңе мазаламайды деп жауап берген. Бұл сұрақта бес нұсқаға дейін таңдауға мүмкіндік берілді.
Қоғамдағы көңіл-күйдің көрнекі көрсеткіші Қазақстандағы өтіп бара жатқан жылдың мейлінше маңызды оқиғалары деуге болады. Дәстүрге сай, DEMOSCOPE қорытынды сауалнамасында респонденттерден кез келген саладағы мейлінше жағымды не жағымсыз мәселелерді атап беруді сұрады.
Сонымен, қазақстандықтар мейлінше маңызды деп санайтын топ-5 оқиға мынадай:
«Қайрат» футбол клубының чемпиондар лигасына шығуы, «Реал Мадрид» командасының Алматыда ойнауы – 10,8%;
Бағаның өсуі, инфляция – 8,1%; Жеке жағдайлар – 5,5%;
Спорттағы жетістіктер (Геннадий Головкиннің World Boxing президенті болып тағайындалуы, теннисші Елена Рыбакинаның қорытынды турнирдегі жеңісі және т.б.) – 4,5%;
Қылмыс, зорлық-зомбылық – 3,6%.
Респонденттердің 30,6%-ы биыл айтарлықтай ештеңе болған жоқ дейді. 13,7%-ы басқа оқиғаларды айтса, 25,1%-ы жауап беруге қиналды. Бұл сұрақта үш нұсқаға дейін таңдауға мүмкіндік берілді.
2025 жылдың қорытынды сауалнамасында бюро әдеттегідей респонденттерден биліктің бастамаларына жеке баға беруді өтінді. Атап айтқанда, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенатты таратып, Парламентті бір палаталы ету жөніндегі ұсынысы туралы сұрақ болды. Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 40,4%-ы ұсынысты қолдаса, 30,2%-ы бұл туралы ештеңе естімеген, 13,4%-ына бәрібір, ал 5,5%-ы идеяны қолдамайды.
Әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев бір палаталы парламент идеясын қолдаған 40% конституциялық реформаға деген қоғамның сұранысын көрсетпейді деп санайды.
«Біз бұл арадан патернализм мен билікті бір қолға шоғырландыру деңгейін көреміз. Бұл сұрақта «президент ұсынды» деген тіркес шешулі рөл ойнады деп ойлаймын, мұндай жағдайда заңдылық бір жақта қалып, көшбасшының жеке басын қолдау автоматты түрде оның бастамасын да мақұлдауға айналып шыға келеді. Тоқаевқа бейіл аудитория бар, бұл сұраққа жауапта сол аудиторияның ұстанымы көрініс тапса керек.
Сауалнаманы талдау нәтижесі қолдаушылар негізінен 60+ (47%) екенін көрсетті, бұл кісілер кеңестік кезеңдегі билікті қолдаудан шыға алмай жүргендер, ал жастар (18–29 жас) бейхабар: бұл топтағылардың 40%-ы бастама туралы «ештеңе естімеген» болып шықты», – дейді сарапшы.
Сауалнамаға қатысушылар Мәжіліс депутаттарының бірі ұсынған Қазақстанда көп әйел алуды заңдастыру секілді атышулы ұсынысқа да баға берді. Бұл сұраққа сын көзімен қарағандар көп, азаматтардың көпшілігі (64,2%) мұндай бастамаға қарсы жауап берді. Көп әйел алуды қолдағандардың үлесі – 13,9%.
Бұл сауалда респонденттердің жынысына байланысты айырмашылық бар екенін айта кеткен жөн. Мәселен, әйелдермен (5,5%) салыстырғанда, ер адамдар (23,1%) көп әйел алуды төрт есе көбірек қолдайды. Ұсынысқа қарсы әйелдердің үлесі 80,2% болса, ер адамдардың үлесі – 46,5%. Бұрын респонденттер биліктің басқа да бастамаларына қатысты көзқарасын білдіргенін еске саламыз. 2024 жылдың қараша айында азаматтар бірыңғай уақыт белдеуі туралы айтса (53,1% қарсы пікір білдірген), 2025 жылдың сәуір айында салық реформасы туралы пікір білдірді (52,8% қарсы).
DEMOSCOPE бюросы қазақстандықтардан жақсарды-нашарлады-өзгерген жоқ деген принцип бойынша негізгі әлеуметтік салалардың жай-күйін бағалауды сұрады.
Нашарлады деген қатарда үшінші жыл қатарынан экология тұрғаны назар аудартады: 49,4% респонденттің пікірі осындай. 41,9% өмір сапасы төмендеді деп санайды. Бұдан әрі қарай тізімде экономика тұр, респонденттердің 39,1%-ы бұл салада кері кету байқалды дейді. Жұмыссыздық пен жұмысқа тұру саласы да кері кетті деп санайды (35%).
Әйтсе де, азаматтар оң бағалаған салалар басым екенін де атап өткен жөн. Мәселен, қазақстандықтардың үштен бірі білім беру жүйесінде (31,7%) және заң мен қауіпсіздік саласында (31,7%) жағдай жақсарды деп есептейді.
Көпшіліктің пікіріне сүйенсек, денсаулық сақтау (42,5%) мен саяси және азаматтық құқықтар (34,4%) саласында жағдай өзгермеген.
Өмірдің маңызды салаларында жағдай нашарлағанына қарамастан, қазақстандықтардың көпшілігі оптимистік күйді сақтап отырғаны таңғалдырады. Респонденттердің жалпы 62,6%-ы өтіп бара жатқан 2025 жыл жағымды болды деп санайды. Оның ішінде 31,7%-ы 2025 жыл жағымды болды деуге болады десе, 30,9%-ы өте жағымды болды деп санайды. 12,2% ғана биылғы жылды жағымсыз деп атаған.
2026 жылды болжауда да жағымды көңіл-күй сақталып отыр. 65,5% респондент биылғыдан жақсы болады деп күтеді. 12,1% пессимизммен қараса, 12%-ы жаңа жыл да шамамен 2025 жыл сияқты болады деп ойлайды.
Кейінгі үш жылдағы DEMOSCOPE бюросының жыл сайынғы қорытынды сауалнамасы мемлекеттің көптеген бастамасына қоғамның сенімі төмен екенін көрсетеді, бұл айналып келгенде мемлекеттің саясаты тиімді жүзеге асуына кедергі келтіріп, азаматтардың стратегиялық тұрғыдан маңызды бастамаларға араласу деңгейін төмендетеді.
Бұл дағдарысты еңсеру үшін билік жүйелі өзгерістерге деген қоғамның сұранысын есепке ала отырып, ұлттық саясатты бейімдеуі керек, атап айтқанда, жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту, экономикалық ахуал қиын тұста халықты әлеуметтік қорғау, мемлекеттік басқару процесінің ашықтығын қамтамасыз ету сияқты өзгерістерді қолға алуы керек.
Сауалнаманың толыққанды нәтижесін жобаның сайтынан көре аласыздар. Қазақ және орыс тілдеріндегі баспасөз релизі мен инфографикалар мына сілтемеде. Материалды пайдалану кезінде DEMOSCOPE сайтына сілтеме жасау міндетті.
Әдістеме: Сауалнамаға 2025 жылдың 25 қарашасынан бастап 5 желтоқсанына дейінгі аралықта 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысты. Сауалнама Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбат құру түрінде жүрді. Іріктеуге кездейсоқ сандар көмегімен алынған нөмірлер базасы негіз болды. Телефон сауалнамасын «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүзеге асырды. Сауалнамаға 18 жастан асқан 47,4% ер адам мен 52,6 пайыз әйел адам қатысты. 67,8%-ы қазақ тілінде жауап беруді құп көрсе, 32,2%-ы орыс тілінде жауап берді. Респонденттердің 77%-ы – қазақ, 11,5%-ы – орыс, 11%-ы – басқа ұлт өкілдері. Респонденттердің 69%-ы қалада тұрса, 30,9%-ы ауылдық жерді мекендейді. Деректер жауап берушілердің жынысы мен жасы сияқты көрсеткіштерге қарай өлшенді. 95% ықтималдығы бар қате мөлшері 3%-дан аспайды. Респонденттердің қол жеткізу деңгейі (response rate) 10%. Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды. Сауалнама деректері респонденттердің жеке пікірін білдіреді. Қосымша ақпаратты үйлестіруші Снежана Цойдан алуға болады:



