1300-ге жуық жұмысшы маман мемлекеттік марапатқа ие болды — Ерлан Қарин

(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Президент жарлығымен 1300-ге жуық жұмысшы мамандық өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Республика күні қарсаңында түрлі салаларда еңбек ететін 500-ден астам қызметкер, еңбек әулеттерінің 138 өкілі марапатталған. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысын баяндады. 

Ерлан Қарин 2025 жыл еліміз үшін табысты болғанын атап өтті. 11 айдың қорытындысы бойынша экономкамыз 6,4% өсім көрсетті. Отандық зауыттарда 147 мың автокөлік құрастырылды. 17 млн шаршы метрге жуық баспана салынды. Денсаулық сақтау саласында 219 жаңа нысан салынды. 130 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан 173 22 мың жұмыс орны құрылды.

— Диқандарымыз екінші жыл қатарынан рекордтық көлемде 27 млн тонна астық жинады. 13 мың шақырым жол реконструкция мен жөндеуден өтті. Ұзындығы 836 шақырым Достық Мойынты темір жол желісінің екінші желісі іске қосылды. Мұның бәрі құр статистика емес, мұның артында мыңдаған адамның еңбегі жатыр. Олар қарапайым жұмысшылар, инженерлер, механизаторлар, құрылысшылар, энергетиктер, технологтар, диқандар және басқалар. Осы жетістіктер ел азаматтарының көзге көрінбейтін күнделікті ортақ жұмыстарының жемісі, — деді Мемлекеттік кеңесші елордада Конгресс орталықта өткен салтанатты жиында.

Оның айтуынша, осы және өзге де маңызды жетістіктер өзара тығыз байланысты екі фактордың нәтижесі болды. Біріншісі — ел Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан экономикада, басқару жүйесінде, әлеуметтік салада және инфрақұрылымда жүргізілген жүйелі әрі ауқымды реформалар.

— Ал екіншіден, әрбір азаматтың қосқан үлесі. Өйткені бірде-бір реформа өздігінен жұмыс істемейді. Ол нақты әрі қарапайым адамдардың еңбегімен, білімімен және жауапкершілігімен толыққанда ғана іске асады. Заңдар қабылдауға, қаржы бөлуге, зауыттар мен кәсіпорындар салуға болады, бірақ кәсіби мамандарсыз, өз ісін білетін әрі жұмыс істеуге ниетті адамдарсыз мұның бәрі тек жоспар күйінде қалуы мүмкін. Дәл осы себепті жұмысшы мамандықтар жылының маңызы айрықша. Бұл жыл құрылымдар мен бағдарламаларға емес, еңбек адамына, бейбітшілік пен кәсібилік құндылықтарына арналған, — деді Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин мемлекеттік наградалар жүйесі жаңартылып, жаңадан 9 салалық құрметті атақ енгізілгенін еске салды. Мемлекет басшысы биыл кәсіби мерекелер аясында энергетиктерді, құтқарушыларды, мұғалімдерді, мұнайшыларды, дәрігерлерді, су шаруашылығы саласының қызметкерлерін, ауыл шаруашылығы мамандарын Ақордада арнайы қабылдап, құттықтады.

— 24 кәсіби мереке мен еңбек күнін кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналды. Жалпы осы жылы Президент жарлығымен 1300-ге жуық жұмысшы мамандық өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Осының барлығы — еселі еңбекті қадірлеуге бағытталған маңызды қадам. Бұл еңбек адамы мемлекет саясатының басты назарында деген сөз, — деді Мемлекеттік кеңесші.
Биыл Республика күні қарсаңында түрлі салаларда еңбек ететін 500-ден астам қызметкер, еңбек әулеттерінің 138 өкілі, 200-ден астам ғалым, педагог және медицина қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталған.

Ал ең жоғары мемлекеттік награда — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы биыл Солтүстік Қазақстан облысының қарапайым механизаторы Мұрат Қаражұмановқа және Қарағанды облысының қарапайым жұмысшысы, өз мамандығы бойынша 40 жылдан астам еңбек еткен Сергей Черновойға берілді.

— Бұл нені білдіреді? Бұл саясаттың өзгергенін немесе қазіргі тілмен айтқанда, ойын ережелерінің ауысқанын білдіреді. Енді мемлекет пен қоғамның құрметі мен назарында медиаатақ емес, қарапайым еңбек адамдарының — мұғалімдердің, дәрігерлердің, энергетиктердің, көлік саласы қызметкерлерінің, диқандардың және басқа да мамандардың нақты үлесі тұр. Бұл жұмыс, бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын табады, — деді Ерлан Қарин.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT