Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жаңа жыл қарсаңында балаларға арналған әлеуметтік мекемелерге барып, тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтады.
Өңір басшысы жыл басында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған мамандандырылған балалар үйінде болды. Жаңарған ғимаратта тәрбиеленушілердің өмірі мен қауіпсіздігіне, емделуі мен дамуына толық жағдай жасалған.
Облыс әкімі мекеме ұжымының адал еңбегіне, кәсібилігі мен бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне алғыс айтып, олардың жан-жақты дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне қолайлы орта қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Мамандандырылған балалар үйі ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға, сондай-ақ туғаннан 4 жасқа дейінгі дамуында ерекшелігі бар сәбилерге арналған. Мекеме 40 орынға шақталған. Бүгінде мұнда күндізгі бөлім тәрбиеленушілерін қосқанда 19 бала бар. Олармен білікті тәрбиешілер, әлеуметтік және медицина мамандары жұмыс істейді.
Аймақ басшысы “Шаңырақ” отбасылық үлгідегі балалар мен жасөспірімдер үйінде де болып, тәрбиеленушілердің тұрмыс жағдайымен танысты.
Облыс әкімі балалармен тілдесіп, оларға мерекелік лебізін білдірді. Ол өз сөзінде мемлекеттің алда да балалардың тәрбиесіне, білім алуы мен дамуына, әрқайсысының нағыз азамат болып жетілуіне жағдай жасайтынын атап өтті.



