Футзалдан премьер лига өз мәресіне жетті. Өз ара күш сынасқан 14 команданың арасында ауданымыздың абыройын асқақтатқан "Нұртілек" және "Мақат" командалары да бағын сынап көрді.
13 турдың қорытындысы бойынша 23 ұпай еншілеген "Мақат" командасы жеті ойында жеңіске жетіп, екі ойында тең түссе, төрт ойында жеңіліс тапты. Осылайша олар бесінші орынға табан тіреді. Ал байырғы "Бахтияр" командасының ізімен қайта жаңғырған "Нұртілек" командасы 16 ұпай жинап, жарысты сегізінші орынмен аяқтады. Олар төрт ойында жеңіске жетіп, төртеуінде тең түссе, бес рет қарсыласқа есе жіберді. Жалпы аудандық деңгей үшін бәсі биік премьер лига ойындарына бір емес екі командамыздың қатысуы үлкен жетістік. Салыстырмалы түрде айтсақ тіпті бір командасы қатыса алмай жатқан қаншама аудандар бар. Сондай-ақ, биыл жігіттеріміз бірінші лигада да белсенді. Бұл біріншілікте Доссорлық "Омар" командасы бақ сынап төртінші орынмен аяқтады. 13 ойында 24 ұпай жинаған олар, жеті рет жеңіске жетіп, үш рет тең түсті және үш рет ұтылды. Ал, "Омардың" федерация кубогінде қалай жанкештілік танытқанын өздеріңізде жақсы білесіздер.
Біздің командалардың бір ерекшелігі жарыстың көркін соңғы турға дейін қыздырады. Алатын ұпайымыз бен турнирлік кестедегі орынымыз белгілі ғой деп соңғы турларға өзгелер секілді немқұрайлы қарамайды. Соның айқын дәлеліндей мына қызыққа қараңызшы. Былтырғы маусымда атыраулық "Нұрберген" командасы чемпиондық атаққа қол жеткізуі үшін соңғы турда мақаттық "Нұртілек" командасын жеңуі тиіс болатын. Кестенің ортасынан орын алған "Нұртілек" үшін ол ойын ештеңені шешпейтін еді. Десе де жігіттеріміз намысқа тырысып "Нұрберген" командасын арнайы шақырылған легионерлерімен қоса ұтып жіберді де құлсарылық "Жігер" командасының чемпион атануына себепші болды. Ал, биыл не болды дейсіз ғой, биыл "Мақаттықтар" соңғы турда "Олимп" командасын ұтып былтыр бізге есесі кеткен "Нұрбергеннің" үздік үштікке кіруіне себепші болды. Ал, бізбен санаспай көрсін?!
Жалпы мақаттық қос команда да биыл турнирдің басты фавориттеріне баланған. Бірақ жарыстың аты жарыс. Осы ретте Мақат кенті әкімі Ербол Қонысбайұлының "Мақат" командасын жасақтаудағы зор еңбегін атап өткен жөн. Олардың жол шығындары мен өзге де қажеттіліктерін өтеп берудің өзі жаңа құрылған команда үшін үлкен көмек. Жас командамыздың алға қойған жоспарлары да жоқ емес. Олардың көкейінде шетте жүрген небір талантты ойыншыларымыздың басын бір арнаға тоғыстырып аудан командасын шығарсақ деген ой жатыр.
Ал, «Нұртілек» командасына демеушілік жасап жүрген Асылан Рысмұхмбетов те спорт саласынан алыс емес. Жігерлі жігіттеріміздің таланты тасада қалмасын деген ниетпен қолдау білдіріп жүрген аптал азаматтарымызға айтармыз тек алғыс.
Футзал - командалық ойын болған соң жігіттеріміздің қай-қайсысы да мақтауға лайық. Десе де жүзден жүйрік шығып, премьер лиганың үздік шабушысы атанған "Мақат" командасының ойыншысы Нұрлыбек Аққойшиевтің есімін ерекше атап өтпесек болмас.
А.САДЫҚОВ