Еліміздегі әрбір жиырмасыншы бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Атырау Облыстық перинаталдық орталығында тәжірибелі дәрігерлер салмағы 500 грамнан асатын сәбилерді сәтті күтім жасауда.
Ерте туған нәрестелер әртүрлі аурумен дүниеге келеді. Шала туған сәбилердің ретинопатиясы – көздің кең тараған патологиясы. Дер кезінде нақты диагностикасыз ол баланы толық соқырлыққа әкелуі мүмкін. Ретинопатия көз торы тамырларының жетілмеуіне байланысты. Ұрықта көзі торы тамырларының өсуі 38-40 аптада, яғни бала туатын сәтте аяқталады. Сондықтан сәби неғұрлым ерте туған сайын оның көз торындағы қан тамырлары азайып, оның ретинопатиясы соғұрлым ауыр әрі тез дамиды. Статистика бойынша, бұл патология әлемдегі шала туған сәбилердің 40%-ында кездеседі. Бұл аурудың сыртқы белгілері жоқ. Қазақстанда қабылданған клиникалық хаттама бойынша шала туған балалардың көзінің түбін тексеру туған сәтінен бастап 21–25 күні жүргізіледі. Егер мұндай ерте скрининг жүргізілмесе, оның салдары түзелмеуі мүмкін. Көру қабілетінен толық айырылу қаупі бар. Бірақ Атырау облысы үшін бұл ауруды ерте диагностикалау мен дер кезінде емдеудің барлық қиындығын шешудің жолы табылды. Мәселен, жыл сайын облыстық перинаталдық орталықта шала туған нәрестелердің саны өте көп тіркеледі. Өйткені, Атырау өңіріндегі барлық шала туған баланы осы жерге әкеледі. Осы жылдың ақпан айында Облыстық перинаталдық орталықтың базасында Ретинопатия орталығының ашылуы жақсы жаңалық болды. Жалпы, көру қабілеті бойынша балалардың мүгедектігін азайту жұмыстары перинаталдық орталықтың өзінде бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Алдымен AYALA қайырымдылық қоры базалық офтальмоскоп – базалық диагностикалық жабдықты берді. Содан кейін неонаталды дәрігер-офтальмолог арнайы оқуға жіберіліп, жаңа туған балаларға лазермен ота жасайды. 2016 жылдан бастап 59 балаға сәтті ота жасалды. Биылдың өзінде тағы бес бала отадан аман-есен шықты. – Сәбидің денсаулығы – білікті дәрігердің қолында. Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда неонаталдық офтальмологтардың саны 4 есеге жуық өсті. AYALA қорының арқасында бинокулярлық офтальмоскоптармен, диодтық лазерлермен және ретиналды кең қабатты камералармен толық жабдықталған орталықтар пайда болды. Бірақ бұл ретте ретинопатияның күрт дамитын түрлеріне шалдыққан балалар да айтарлықтай көбейді. Әрбір дәрігер ретинопатияны емдеумен айналыса алмайды, – деді медицина ғылымдарының кандидаты, «Шала туғандар ретинопатиясы» республикалық жобасының бастамашысы және шабыттандырушысы Әсел Үсенбайқызы Шарипова. Ретинопатияны диагностикалау ауқымды білімді және үлкен тәжірибені талап етеді. Атырау Облыстық перинаталдық орталығының дәрігер-офтальмологы Аида Серікқызы Молдашева – республиканың неонаталдық офтальмологиядағы ең мықты мамандарының бірі. – Жыл сайын ретинопатия бойынша мен 100-ден астам сәбиді диагностикадан өткіземін. Сондай-ақ, мен көру қабілетінің патологиясы бар шала туған балаларды да тексеремін. Бәріне көмектесуге тырысамын. Бірақ дәл осы шала туған нәрестелерде ретинопатия өте тез өтеді. Мысалы, сырқаттың күрт дамыған түрі кезінде көз торының лазеркоагуляциясын жүргізу үшін менде 24 сағаттан 72 сағатқа дейін ғана уақыт бар. Бір күнге кешіксем, балаға мәңгі көру қабілетінен айырылу қаупі туады. Биыл AYALA қорынан алынған «Луцентис» препараты өте жақсы көмектесуде. Әрине, мен қазір жұмыс істеуді үйреніп жатқан ретиналды камера менің тәжірибемде өте жақсы көмекке айналады. Камера ата-аналарға компьютер мониторингінде баланың көз торындағы патологиялық процестерді көрсетуге мүмкіндік береді. Ал ата-аналар мен емдеуші дәрігер арасындағы сенім емдеудің табысты болуы үшін өте маңызды, – дейді Аида Серікқызы Молдашева. Аида Серікқызының айтуынша, ол ретиналды камерамен жұмыс барысында Алматы, Астана қалаларындағы тәжірибелі дәрігерлердің кеңесін алып отырады. Әрине, орталықта лазермен жүргізілген оталардан кейін нәтижелерді, көз торының динамикасын қадағалауға мүмкіндік бар. – Әсел Үсенбайқызы Шариповамен кеңесіп, онымен және басқа да әріптестермен күрделі жағдайларды талқылау мүмкіндігі шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеу тактикасын таңдау және жетілдіру үшін өте маңызды. Суреттерді тек ретиналды камера ғана түсіре алады. Офтальмоскоп та көз торына визуалды диагностика жасайды, бірақ оны офтальмологтың өзі ғана көре алады. Сондықтан ретиналды камерамен емдеу мен ота жасау нәтижелері одан да сапалы болатынына сенімдімін. Бұл Атырау облысындағы балалардың көру қабілетіндегі кінәратты азайтуға көмектеседі, – деп атап өтті Аида Серікқызы. Облыстық перинаталдық орталықтағы заманауи құралдар арқылы дәрігерлер болашақ аналарға барлық міндетті талдаулар мен скриннингтерден өтуге, өздерінің психологиялық және эмоциялық денсаулықтарын бақылауға кеңес беріп отырады. Өйткені, бұл – жүктілікті мерзіміне жеткізудің ең үздік профилактикасы, яғни дені сау баланың дүниеге келуінің кепілдігі.