Мақатта 14 оқушы "Алтын белгіге" үміткер

(0 Votes)

Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзін, білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін білуіміз тиіс. Қазіргі елдегі пандемияға қатысты қалыптасқан төтенше жағдай кезінде орта білім, жоғары білім саласы бірнеше рет тәжірибе жасақтап барып, қалыптасқан алгоритм бойынша білім алудың, білім берудің ыңғайлы жолдарын тапты. Бір толастаған жоқ. Ауданымызда да, қашықтан білім алудың ыңғайын тауып, 6523 оқушы білім алуды жалғастыруда.

Бір қуанарлығы, оқушылардың сабаққа белсенділігі артпаса, төмендемеген. Оны аудандық білім беру бөлімі мамандарынан білген едік. Білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылмайтыны туралы ақпаратты естіген сәтте кәдімгідей жабырқап қалғанымыз да рас. Дегенмен, халықтың саулығы үшін қабылданған шешімнің дұрыстығына шек келтірмедік. Бізді алаңдатқан басқа нәрсе еді. Ол-мектеп түлектерінің биылғы жетістіктері.

Аудандық білім беру бөлімінен білгеніміздей, 14 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, 9 оқушы үздік аттестат алады. Оқушылардың бүгінгі сабақ беру үдерісіне көзқарасы және үлгерімі қандай деңгейде деген сауалмен олардың өздерімен тілдесіп көрген едік.

Айсана Қонанова,

С.Шарипов атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

askeryzy

-Қашықтан оқытуға мен бірден ілесіп, тез үйренісіп кеттім. Үйде мен үшін қажетті оқу жағдайы ата-анам тарапынан жақсы ұйымдастырылған. Ешнәрсеге алаңдамай, сабақ оқып жатырмын. Бұрын мұғалімдерде уақыт болмаушы еді. Қазір керісінше, түсінбеген сауалдарымды қойып, мұғалімдерден дер кезінде жауаптарын алып отырмын. Мен химия-биология бағытын таңдаған едім. Қазір сол пәндерге дайындық үстіндемін. Уақытты дұрыс пайдалануға машықтандым. Сондай-ақ, өзім үшін аса қажетті пәндерді оқуыма ыңғайлы болды. Қазір мен ұлттық тестілеу орталығының дайын тесттерін де пайдаланып жүрмін. Әрбір күнімнің 3 сағатын сол сынақ тесттеріне жұмсаймын.

Ләйлә Омарова,

Х.Санбаев атындағы орта мектебінің оқушысы:

img-20200424-wa0050

-Елді жайлаған індет біздің білім алуымызға ешқандай кедергі келтіре алмайды. Мектебіміздің қабырғасында алуға тиісті дәрісімізді жылы ұямыз-отбасымызда алып жатырмыз. Ата-анам күндіз-түні біз үшін еңбек етіп, бар жағдайымызды жасап отырған сәтте біз де, оның қайтарымы ретінде сапалы білім, саналы тәрбие көрсеткіміз келеді. Мектебім–алтын ұям. 11 жыл білім нәрін санамызға құйған ұстаздар еңбегін де еш қылмай, үміт еткен межеден көріну-басты міндетім санаймын. Бүгінгі күні мектептегі мұғалімдерімнің дәрістерін тыңдап, оған кері байланыс жасап, берілген тапсырманы уақтылы орындап, бастапқы тоқсандағы нәтижелерімнен төмен түсіріп алмауға жұмыстанып жатырмын. Одан басқа күні бүгін түлектер үшін жасалған ақысыз сынақ тесттерін де тапсырып жатырмын. Әрине, әлі де дайындық қажеттігін ұғынып жүрмін. Жалпы, медицина саласын таңдадым.  Бүгінде елде қалыптасқан жағдайдың өзі медицина саласында көптеген маманның жетіспейтінін байқатқандай. Сол себепті де, мен еліме қызмет еткім келеді.  Ал, медицинада химия және биология пәндеріне көбірек көңіл бөлуге тура келеді. Осы пәндердің өзіне күніне 2 сағаттай отырып, дайындаламын.  Білмегенімді түсіндіруге ұстаздарым әрқашан дайын. Мен олармен тығыз байланыстамын.

Назерке Рзабек ,

Х.Санбаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

image-04-05-20-05-21

-Мен мектепке алғаш қадам басқаннан бастап, жақсы оқып, үлгілі оқушы болуды мақсат еттім десем де болады. Мен үйдің үлкенімін. Ата-анам маған үлкен үміт артады. Өзімнің бауырларым менен үлгі алады. Сондықтан, кейін шегінуге жол жоқ. Бастауыш сыныптан бастап, үздік оқуымды төмендетіп алмауға тырысып-ақ келемін. Қазіргі жағдайға да бейімделіп алдым. Таңдаған бағытым физика және математика пәндері. Сондықтан көп уақытым осы пәндерден түрлі есептерді шығаруға кетеді. Ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтап, таңдаған оқуыма түсу-мақсатым. Оқу жылының басында дайындық үшін бірнеше кітапшалар сатып алғанбыз. Қазір солардың көмегіне көбірек сүйенудемін. Сол сияқты, мұғалімнен қосымша дәріс алуға да мүмкіндік бар. Елдегі төтенше жағдайға байланысты тест тапсыру мүмкіндікті кеңейтіп қойды.  Мен ол бағытта да өзімнің мүмкіндігімді байқап жүрмін. Әлі де физикадан білімімді ширату керектігін де түсінемін. Сондықтан, менде бос уақыт деген мүлдем жоқ. Уақытымның бәрін сабаққа жұмсап жүрмін. Өйткені бізге босаңсуға болмайды.

Ақбаян Қайсарқызы,

Х.Санбаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

abayan

Қазір үйден шықпай, білім алуға да болатынын ұғынып, соған мойынсұнып қалдық. Маған бұл аса жайсыздық тудырған жоқ. Керісінше, үй жағдайында компьютерде отырып, қалаған білім платформалары арқылы білім шыңдауға мүмкіндік туды. Ата-анам ақылы бірнеше курстарға жазып, онлайн білім алуға жағдай туғызды. Бұл –күнделікті сабақтан бөлек. Сондай-ақ, «Балапан» телеканалы арқылы, өзіміздің мектептегі ұстаздардың жеке дайындаған бейнесабақтары арқылы оқу бағдарламасынан қалып жатырған жоқпын. Кері байланыс та мықты орнықты. Дегенмен, алда үлкен сынақ бар. Оны ұғынамын. Мен болашақта медицина саласына  таңдау жасап отырмын. Дәрігер болғым келеді. Сондықтан, менің алдымда  химия және биология пәндерінен сынақтан сүрінбей өту міндеті тұр. Бұл –мен үшін аса жауапты сәт. Бұл ретте «Қазбілім», «Дарынонлайн», «Қазтест» платформалары өз алдына, өзімнің тыңғылықты дайындығым аса қажет. Білім алу мүмкіндігі зор. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланып қалуым керек деп әр күнімді дұрыс жоспарлауға жұмыстанып жүрмін.

Ақнұр Жалғасбаева,

Х.Санбаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

aknur

Ең бастысы, елді жайлаған аурудың еш әсері бізге білінбесін деп еліміз бар мүмкіндікті жасап үлгерді. Біз де, сол жағдайға ыңғайланып, бірден оқуымызға кірісіп кеттік. Жағдайға ыңғайлану –бүгінгі заманға қажет-ақ. Мен медицина саласына таңдау жасап отырмын. Қиын сәтте қарап қалмай, азаматтарға қол ұшын беру-адамгершіліктің белгісі деп ойлаймын. Сондықтан, менің мамандығым да адам баласының өсіп-өнуіне, жарық дүниенің қызығын тамашалауға өз қолқабысын тигізуі қажет деп таптым. Қазір мен химия және биология пәндеріне дайындалып жатырмын. Алғашқыдағыдай емес, бірқатар сұрақтарға жауап тауып, мұғалімдерім мен онлайн курстың көмегін көріп жатырмын. Алда- үлкен сын. Одан сүрінбей өту-мақсатым.

Әй, айналайындар-ай! Біз сөйлескен балалардың пікірінен бәрінде де алдағы сынақтан қалай өтеміз деген қобалжудан өзге  алаңдаушылық жоқтығын байқадық. Олардың ата-аналарының арқасында бақытты балалық шақтың ауылында тұрып жатқанын байқадық. Ешбір аты жаман індет біздің болашағымыздың келер күнге деген сенімін жоғалта алмайтынын ұғындық. Олай болса, сіздерге сәттілік тілейміз, жас түлектер!

Г.ЕСМЫРЗАҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521