1 шілде - ұлттық домбыра күнін жастар ресурстық орталығы ашық аспан астында өткізді.
Мақат кентіндегі «Жеңіс» саябағында ардагерлер мен жастардың кездесу кеші ұйымдастырылып, бұл күннің маңыздылығын айшықтай түсті. Саябақта баба аспап үні күй болып төгіліп, ән болып қалықтады.
Бұл кеште ардагерлер мен жастар С.Тұрысбековтың «Көңіл толқыны», Құрманғазының «Адай» және «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» сынды бабаларымыздан мирас болып қалған шығармаларын ашық аспан аясында еркін төкті.
Өнер саласының ардагері Сағидолла Қайрошов төл туындыларын ортаға салып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Көмейінен күмбірлі күй төгілген қасиетті қазақ аспабы туралы ардагер ақсақалдарымыз ой толғап, жастарға ақ бата берді.
Шара соңында, жастар ресурстық орталығының басшысы Әсел Қаржауова жиналғандарға мерекелік жылы лебізін арнап, жыраулық дәстүрдің алтын жібін жалғаған өнер саласы майталмандары мен жастарға шығармашылық табыс тіледі.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
суреттер автордікі