Аудандық мәдениет үйінде «Сахнадан сыр шерттік» атты қорытынды есептік кеш өтті.


Аталған мәдени шараны тамашалауға аудан тұрғындары мен қонақтары жиналып, өнер кешіне куә болды. Кеш барысында аудан көркемөнерпаздары бір жыл бойы атқарған шығармашылық жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Алдымен сахна төрінде ұлттық нақыштағы қойылымдар мен әсем әуендер шырқалды.
Атап айтқанда, мұң бұралған бишілер қазақ биі «Бастаңғы», өзгеше ырғаққа құрылған «Корей биін» билеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.



Әрі қарай өнер сүйер қауым үшін халық әні «Дауылпазды», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Гүл Алматы» әндері шырқалып, кештің көркін қыздыра түсті. Одан бөлек, кеш барысында “Адай” күйі және «Еділ мен Жайық» ардагерлер ансамблінің орындауындағы шығармалар орындалып, «Ер мен әйел» мюзикл жанрындағы сахналық көрініс те көпшілік назарына ұсынылды.

Шара барысында келген қонақтарға да ерекше көңіл бөлініп, түрлі ойындар ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылды.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Əсел Шайзадақызы сөз сөйлеп, аудан көркемөнерпаздарының еңбегіне жоғары бағасын берді.
Сондай-ақ, мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің арнайы алғыс хаты мен ықылас гүлін табыс етті.
С.Бекарыс,
Суреттер автордікі



