Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Конституциялық реформа: қоғамдық диалог және Президенттің жаңа бастамалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысып, ел дамуы үшін маңызды құжат – Конституциялық реформаның мазмұны мен маңызы кеңінен талқыланды.
Жиынның алғы сөзінде университеттің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов сөйлеп, қоғамдық диалогтың маңыздылығына тоқталды. «Конституция — мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, ол — ұлттың рухани тірегі, тарихи жады мен келешекке деген сенімін біріктіретін темірқазық. Жаңартылған Конституцияның преамбуласынан біз Қазақстанның өз даму жолын айқын таныған, өткенінен тағылым алып, болашағына нық қадаммен бет алған кемел елге айналғанын көреміз. Бұл — кездейсоқ өзгеріс емес, уақыт талабынан, қоғам сұранысынан туған тарихи таңдау. Преамбулада ерекше атап өтілетін тағы бір тұс – білім, ғылым, инновация және адами капиталды дамыту. Олар мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық басымдығы ретінде танылады. Бұл Қазақстанның болашағын табиғи ресурстармен емес, білімді, саналы ұрпақпен байланыстыратынын көрсетеді», – деді ректор Саламат Идрисов.
Шара барысында «Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ҒЗИ директоры, тарих ғылымдарының докторы Сайпулла Сапанов, Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан, Азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушылары, заң магистрлері Венера Наурызова және Гулмира Бахшатова мазмұнды баяндамалар жасап, Конституция жобасындағы негізгі жаңашылдықтар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты өзгерістерді жан-жақты саралады. Сонымен қатар педагогика ғылымдарының докторы Асхат Иманғалиев пен тарих ғылымдарының докторы Жамиға Таңатарова да өз пікірлерін білдірді.
Конституциялық референдумдарға шолу жасаған тарих ғылымдарының докторы Сайпулла Сапанов биылғы референдумның қоғамдағы саяси жаңғыру үдерістерінің жалғасуымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ол халықтың тікелей қатысуы азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, қабылданатын өзгерістердің легитимділігін қамтамасыз ететінін, ал жаңа Конституция жобасы қоғамдық келісімді нығайтып, әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуына негіз болатынын жеткізді.
Дөңгелек үстел қатысушылардың еркін пікір алмасуымен қорытындыланды.



