Атырау облыстық шахмат федерациясының ұйымдастыруымен 2026 жылғы Сенат Кубогының 1/8 финалы аясында жылдам шахматтан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында Атырау облысының чемпионаты өтеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Шахмат додасы 21 ақпан күні Атырау қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде ұйымдастырылады. Турнирдің салтанатты ашылуы сағат 10:00-де басталады.
Жарыс ФИДЕ ережелеріне сәйкес швейцар жүйесімен 9 тур бойынша өтеді. Ойын уақытының бақылауы – 10 минут + әр жүріске 5 секунд. Бұл формат қатысушылардан жылдам ойлау мен нақты шешім қабылдауды талап етеді.
Турнирге Атырау облысында тұрақты тұратын, бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі қызметтегі өкілдері қатыса алады. Қатысушылардың 2026 жылдың 1 қаңтарындағы кез келген санаттағы (классика, рапид, блиц) ФИДЕ рейтингі 2000-нан аспауы тиіс.
Аталған чемпионаттың мақсаты – өңірдегі БАҚ өкілдері арасында шахматты кеңінен насихаттау, зияткерлік спорт түріне деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ Сенат Кубогы аясындағы іріктеу кезеңінің жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жүлделі орындармен және арнайы дипломдармен марапатталады. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері Сенат Кубогының келесі кезеңдеріне жолдама алуға мүмкіндік алады.
Атырау облыстық шахмат федерациясы бұл шара өңірдегі журналистер қауымдастығы үшін спорттық бәсеке ғана емес, кәсіби ортадағы достық байланысты нығайтатын маңызды алаң болатынына сенім білдіреді.




