Газетіміздің алдыңғы санында жас зерттеушілер Аян Сатқан мен Көркемай Жомарттың «Зерде» ғылыми жобалар байқауының республикалық кезеңіне жолдама алғандығын жазған болатынбыз.
Осы ретте жақында ғана Ақмола облысы Щучинск қаласында 2-7 сынып оқушылары арасындағы «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының жаратылыстану бағыты бойынша қорытынды кезеңінде жерлестеріміз тағы да үздіктер қатарынан көріне білді.
Аталған байқауға ауданымыздың атынан сынға түскен С.Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернатының 2-сынып оқушылары Сатқан Аян және Жомарт Көркемай «Физика, космос» секциясы бойынша жүлделі ІІІ орын иеленіп, жеңіске жетті.
Айта кетерлігі, білім бәйгесінде оза шапқан дарынды шәкірттердің шығармашылық ізденісіне бағыт-бағдар беріп, жоғары жетістікке жетуіне үлес қосқан ұстазы Гүлзира Серікбайқызының еңбегі орасан зор.
Осы орайда жеңіс тұғырынан көрінген зерттеушілер мен олардың ұстазын аудандық білім бөлімінің мамандары, С.Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернатының ұстаздары мен ата-аналар Мақат вокзалында ерекше ықыласпен күтіп алды. Күтіп алу барысында жиналған жұртшылық аудан абыройын асқақтатқан кішкентай зерттеушілерге зор құрмет көрсетіп, білім сайысында тек үздіктер қатарынан көрінуін тіледі.
Ә.ҚАСЫМ



