Адам өмірін құтқару – жоғары және жауапты миссия. Өз тағдырын жауапқа тігіп, өзгенің өмірін арашалауға ат¬салысатын мамандардың бірі – құтқарушылар.
Тілсіз жаумен әрдайым бетпе-бет келетін бұл мамандық иелерінің жұмысы қашанда қауіп-қатерге толы. Себебі олар кез келген сәтте өзіне тап беруі мүмкін қызыл жалынды ауыздықтап, ең алдымен адам өмірін сақтауды мақсат етеді. Өмір мен өлімнің арасында жүру қаншалықты қауіпті болса да, бастарын бәйгеге тігеді.
Міне, бүгінгі әңгімеміз де мәртебелі мамандық иесінің бірі – Самат Қосшығалиев жөнінде болмақ.
Бүгінде аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінде бөлім бастығының орынбасары, азаматтық қорғау аға лейтенанты болып қызмет ететін Самат Асыланұлы 1990 жылы 28 тамызда көршілес Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Мақат ауданына қоныс аударып, сол жылы М.Баймұханов атындағы орта мектепке барған. Мектепті аяқтаған соң, 2010-2011 жылдар аралығында Алматы облысы Қапшағай қаласында әскери борышын өтеп, кейіннен Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы академияда білім алады.
«Оқуды аяқтаған соң алғаш еңбек жолымды 2013 жылы Атырау облысы Мақат аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы қызметінен бастадым. Сөйтіп жүріп, бөлімнің теңгеріміндегі негізгі өрт сөндіру автокөліктерінің өрт сөндіру тактикасын, техникалық мүмкіндіктерін үйрендім. Одан бөлек, өрт – техникалық жарақтары мен жабдықтарды, өрт сөндіргіш заттарды жауынгерлік әрекет жүргізуге дайындау шараларын, сонымен қатар, бөлімнің шығу ауданындағы өрт сөндіру гидранттарының және су қоймаларының орналасу орындарын меңгердім. Осылай бүгінде өзіме ұнайтын қызметті абыроймен атқарып келемін», - дейді Самат Асыланұлы.
Жүректілік пен батылдықты талап ететін мамандықтың біз білмейтін қыр-сырлары көп-ақ. Ал, олардың атқарып жатқан еңбектері өлшеусіз. Бұл турасында кейіпкеріміз оған бір адамның емес, бүкіл команданың күші керек екендігін айтады.
«Жалпы, бұл салаға келген әрбір қызметкер өз қызметін жақсы білуі тиіс. Өйткені, бізге ең алды¬мен шапшаңдық пен батылдық қажет. Кез келген уақытта құрал- саймандарымыз сақадай сай болуы міндетті. Ол үшін күнделікті дайындық жаттығулары болып тұрады. Негізінде біздің команданың күші ең алдымен – бірлік пен сенімде. Оған қоса, қайсарлық пен қырағылықта. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер уақытында тәуекелге бел буып, әп-сәтте шешім қабылдай алатын мінезді болуы керек»,- дейді кейіпкеріміз.
Иә, кейіпкеріміз туралы әріптестері де жақсы пікірде. Олар Самат Асыланұлының антқа берік, қызмет қиындықтарын табанды түрде көтеретіндігін, үнемі кәсіби білімін, дағдысы мен шеберлігін жетілдіріп отыратындығын айтады. Оған қоса, ол өрт сөндірушілердің саптық бой түзетуін және дене төзімділігін шынықтырып, техника қауіпсіздігі ережелері талаптарын қатаң сақтай отырып, бөлімшенің жеке құрамымен орындалуына бақылау жасайды.
Өзіне тапсырылған жұмыстарға жауаптылықпен қарап, бұлжытпай тиянақты орындайтын Самат бірнеше рет Мақат ауданында болған ірі өрттер мен авариялық- құтқару жұмыстарына және өрт – тактикалық жаттығуларына қатысып, өзін жақсы жақтарынан көрсете білген. Соның ішінде, 2013-2014 жылдың қысқы айларында аудан көлеміндегі авариялық – құтқару жұмыстарына белсене қатысып, қалың жауған қардан тас жол бойында тұрып қалған ав-тотехникаларды шығарып, адам өмірлерін құтқаруда және оларды қауіпсіз жерге көшіруде өзінің күш- жігерін салып, қызмет еткен.
«Құтқарушы жұмысының қызығынан қиындығы басым. Шыдамдылық пен батылдық, арнайы техниканы меңгеру, денсаулықтың мықты болуы, физикалық тұрғыда дайындық – әр өрт сөндіруші- құтқарушыдан талап ететін басты қағидалар. Тек қана өртті сөндіру емес, ең алдымен, адамдардың өмірін сақтап қалу маңызды. Біреудің өмірін сақтап қалу үшін өз өміріңді қатерге тігу үшін де батыл жүрек керек болады. Сондай-ақ, үнемі жылдам шешім қабылдауды, қайсарлық пен жанкештілікті талап етеді. Қызмет барысында ауқымды өрт немесе басқа да түрлі оқиғалар болып жатады. Біз не болса бәріне дайын болуымыз керек.
– Есімде, 2014 жылдың 19 сәуір күні 17 сағат 15 минутында Мақат поселкесінен шамамен 85 шақырым жерде Мақат-Сағыз учаскесі Жантерек-Кенбай 328 шақырым перегон бекеті 3,4 аймағында Алматы-Атырау жолаушылар тасымалдайтын пойызының темір жол рельсінен шығып кеткені жөнінде хабар түседі. Оған бөлімнің I-ші жүрісіндегі АЦ-6-40 (Урал-4320) м/н kz161kp/06 өрт сөндіру автокөлігі құрамында 8 адаммен оқиға орнына аттандық. Аударылған вагондардан зардап шеккен бірнеше жолаушыны, жолсеріктерді есік, терезелер арқылы қауіпсіз орынға шығарып, жедел жәрдем көліктеріне және аудан көлемінен бөлінген автобустарға тасымалдадық. Сондай-ақ қираған вагондар ішінен шыға алмай қалып қойған адамдар мен жол сөмкелерін іздестіру жұмыстарын жүргізіп, құтқару арқаны арқылы адамдарды тысқа шығаруда бар күш-жігерімізді салдық. Яғни, әріптестермен жұмыла әрекет етіп, қиындықтарды еңсеруге тырыстық.
Жалпы, төтенше жағдай орын алған жерге кетіп бара жатқаныңда алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Бірақ, оқиға орнына барған сәтте ойыңды жинақтап алып, қалай іске кірісіп кеткеніңді байқамай қаласың. Бізге ең бірінші кезекте адамды құтқару маңызды. Барлығы жақсы аяқталған соң, деміңді алып, ерекше сезімде боласың» - дейді Самат Асыланұлы.
Иә, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар – қазіргі заман қаһармандары, ерлік пен өрліктің үлгісі десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан, күн сайын адамдарды түрлі төтенше жағдайдан құтқарып, өзінің өмірінен бұрын, өзгелердің қауіпсіздігін ойлайтын өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың атқарып жүрген жұмысы қашанда құрметке лайық.
Себебі, олардың қызметінің астарында біз білмейтін күш, жүректерінде батылдық пен ерлік жатыр.
Ә.ҚАСЫМ