БАЛА КҮНГІ АРМАНЫМ...

БАЛА КҮНГІ АРМАНЫМ...
(0 Votes)

Мамандық таңдау – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды шешім. «Ер азығы – түзде» демекші, ер азамат мамандық таңдауда тіпті жаңылмау керек. 

Өз мамандығын жаңылмай тапқандардың бірі - №8 өрт сөндіру бөлімінің газ түтінінен қорғаушы аға шебері – Тұрарбек Салимов. Ел амандығы үшін тілсіз жаумен күрескен кейіпкеріміз бала күннен-ақ өрт сөндіруші болуды арман еткен.

Кейіпкеріміз Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында (Чапаев) 1985 жылы 13 қаңтарда көп балалы отбасында дүниеге келген.

«Өзім көп балалы отбасында дүниеге келдім. Шаңырақтағы тоғызыншы перзентпін. Алдыңғы толқынға қарап бой түзеп, кейінгіге үлгі болып ер жеттік», - дейді ол. Бала Тұрарбек мектеп табалдырығын имене аттаған сәттен бастап, алғырлығымен ұстаздарының көзіне түскен.

«Айтқанды қағып алатын қағылез бала болдым. Барлық пәндерді сүйіп оқыдым. Десе де ер балалардың дене шынықтыру десе, бір бүйрегі бұрып тұрары өтірік емес. Мен де мектеп жасында дене шынықтыру пәніне бір табан жақын болдым», - дейді Тұрарбек Салимов.

Әрбір сабақ – жаңа таным. Бала көкжиегін көкке көтеріп, бойындағы жалынды мазда-татын да ұстаз. Бала Тұрарбектің бойындағы зеректікті байқап, түрлі олимпиадаларға қатысуға жол ашқан да ұстаздары болған. Он бір жыл бойы ұлағатты ұстаздардан тәлім алған кейіпкеріміз мамандық таңдауда ұзақ ойланғандығын жасырмады.

«Мектепті аяқтар тұста мамандық таңдаудың қиын екендігін түсіндім. Өмір бойы айна-лысатын сүйікті ісіңді дәл табу – қиынның қиыны. Бала қиялға ерік беріп, түрлі мамандық ойға оралғаны да жасырын емес. Құқық қорғау саласының өкілі, өрт сөндіруші сынды мәртебелі мамандықтың біреуін таңдаймын деп ойланып жүрдім. Кейін адам жанының арашасы болар құтқарушы мамандығын таңдаймын деген батыл шешім жасадым», - дейді Тұрарбек Түзелұлы.

Осылайша ол Батыс Қазақстан облысындағы Батыс Қазақстан инновациялық университетінің студенті атанады. Кейіпкеріміз төрт жылдық қызықты студенттік өмірді бастан кешіргеннен кейін мәртебелі мамандықтың жас маманы атанып, алғашқы еңбек жолын бастайды.

«Алғаш жекеменшік «Сейіл» компаниясына электр механигі болып жұмысқа орналасып, ұзақ уақыт өтпей, 2007 жылдың наурыз айынан бастап Атырау №1 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші лауазымында жұмысқа орналастым.

Ел амандығы үшін кірпік қақпай, кез келген сәтте тікеден тік тұрып жұмыс жасайтын өрт сөндіру ісі жауапкершілік пен қырағылықты талап етеді. Өмір мен өлім арасында жүретін қызметіміздің әрбір күні шым-шытырманға толы екендігі баршаға аян.

Есімде, 2007 жылы сәуір айында провослав шіркеуінің қасында екі қабатты үй өртеніп, сөндіріп жатқанымызда үй ішінде газ баллоны жарылып, оқыс оқиғаға тап болдым. Десе де Тәңірдің берері таусылмапты. Бір өлімнен аман қалдым. Тұрғындарды да аман-есен құтқарып қалдық.

Осы сәттен бастап жанқияр мамандығымның күрделі екендігіне толығымен көз жеткіздім. Өз өміріңмен қоса өзгенің де өміріне жауапты болу біздің мамандықтың мәртебелі міндеті екендігін ұғындым», - дейді мамандығын сүйетін кейіпкеріміз.

Сонымен қатар, ол облыста орын алған ірі өрт сөндіру оқиғаларына қатысып, адам өмірін сақтап қалу үшін жан алысып, жан беріскен.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін маман иесінің кәсіпте толағай жетістіктерге жетіп, оқиғаларды сәтті аяқтауына отбасының да үлесі зор. Тілеуін тілер ақ жаулықты анасы, сенім білдірер жұбайы мен төрт перзенті бар кейіпкеріміз жұмысының жемісті болуын жанұясының қолдауының арқасы деп біледі.

Бүгінде мұнайлы өлкенің тыныштығы мен халқының амандығы үшін барын салатын мәртебелі мамандық иесі өрт сөндіруші мамандығын таңдағандығын мақтан етеді.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні, әлемдегі ең қауіпті мамандықты қаймықпай таңдаған, ел амандығын өз жанынан артық көретін, өмір мен өлім арасында жүретін өрт сөндіруші мамандарын бүгінгі күннің батыры десек артық айтпаймыз.

Ж.ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT