ӨКІЛЕТТІ БИЛІККЕ – 30 ЖЫЛ!

ӨКІЛЕТТІ БИЛІККЕ – 30 ЖЫЛ!
(0 Votes)

Елімізде 1993 жылы «Қазақстан Республикасының әкімшілік территориялық құрылымы туралы» және «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті және атқарушы органдары туралы» Заңдары қабылданып, жергілікті мемлекеттік органдардың құрылымына өзгерістер енді.

Өкілетті органдар – мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдар – әкімдіктер мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары болып аталды. 1994 жылғы 7 наурызда Қазақстан Республикасында жергілікті өкілетті орган – бірінші шақырылым депутаттарының мәслихат-жиналыстарына сайлау өткізілгені белгілі. Міне, содан бері арада отыз жыл уақыт өтіпті. Осы жылдар аралығында мәслихат – еліміздің тұрақты дамуына елеулі үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Өйткені мәслихат аппараты – мемлекет пен қарапайым халықтың арасындағы өзара әрекеттесетін жалғыз өкілетті орган.

Бірінші сайланған аудандық мәслихаттың қызметі еліміздегі терең қайта құрулар мен атқарушы және өкілді органдардың жаңа құрылымын қалыптастыру кезеңімен тұспа-тұс келді. І шақырылған аудандық мәслихаттың 15 депутаты Орақ Деңгелбаевты мәслихат хатшылығына сайлаған еді.

1999 жылдың 10 қазан күні ІІ шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті сайлауы өтті. Мұнда мәслихат хатшысы болып Түркіменбай Нұржігітов бекітілді.

2003 жылдың қыркүйек айында ІІІ шақырылған мәслихат депутаттарының сайлауы өткізіліп, депутаттар құрамы 80 пайызға жаңарды. Мәслихат хатшысы болып Табылды Жолмағамбетов сайланды. 2007 жылғы ІV шақырылымда және 2012 жылғы V шақырылымда да хатшылықты Табылды Жолмағамбетов атқарды.

Ал 2016 жылы жаңарған VI шақырылымда және 2021 жылдың қаңтар айында басталған VII шақырылымда мәслихат хатшылығына Қуаныш Исмағұлов сайланды.

2023 жылдың наурыз айында VIII шақырылған аудандық мәслихаттың сайлауы бір мандатты жүйеде өтті. 11 сайлау округ бойынша Абзал-Сенбі Самаликов, Серік Абдиев, Идиятов Әділбек, Нұрпейіс Жоламанов, Әділбек Нұрманов, Азамат Дәулетқалиев, Есімхан Табылдыұлы, Рыскүл Тайшекенова, Бақыткүл Тиышбаева, Әсел Қаржауова және мен депутат болып сайландық. Аудандық мәслихаттың 11 депутатының 10-ы «Amanat» партиясының мүшелері, ал біреуі өзін-өзі ұсынған болды. Депутаттардың басым көпшілік дауысымен мәслихат төрағасы лауазымы маған бұйырды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн», - деп атап өткен болатын. Осыған орай VIII шақырылымнан бастап бұрынғы мәслихат хатшысы лауазымы мәслихат төрағасы болып өзгерді.

2023 жылы сегізінші шақырылған аудандық мәслихат жұмыс жоспарына сәйкес 9 сессия өткізсе, оның 4-еуі кезекті, 5-еуі кезектен тыс өтті. Ал 2024 жылдың 9 айында 7 сессия өткізілді. Сегізінші шақырылым сессияларында 104 шешім қабылданса, оның ішінен 15 шешім мемлекеттік тіркеуден өткізілді.

VIII шақырылымның алғашқы сессиясы кент әкімдерінің есебін тыңдаудан бастау алған болатын. Кейінгі сессияларда аудан бюджетінің қалыптасуы, атқарылуы, ауданның саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуы және тиісті салалық бағдарламалардың орындалуы туралы мәселелер қаралып келеді. Ал аудандық мәслихат депутаттары заңмен белгіленген өздерінің депутаттық құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізуде.

Мәселен өткен жылдың жұмысы барысында аудандық мәслихат депутаттары «GPC Investment» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесіп, Қашаған газ өндеу зауытын салу құрылысына аудан тұрғындары арасынан жобаға қажетті мамандарды даярлап, жұмысқа орналастыру мәселесін талқылады. Кездесу барысында екіжақты келіссөздер жүргізіліп, меморандумға қол қойылды. Аталмыш меморандумда аудан тұрғындарын жұмыспен қамту қарастырылған.

Сондай-ақ «GPC Investment» ЖШС- нің іске қосылу барысында туындайтын экологиялық мәселелер бойынша да қоғамдық тыңдау өткізіліп, экологиялық эмиссия жөнінде мәселе жан-жақты талқыланып, аудандық мәслихат депутаттары өз ұсыныстарын енгізді.

Тағы бір айтатын мәселе облыс әкімдігі мен «Ембімұнайгаз» АҚ арасындағы Атырау қаласына қарасты Талқайран елді мекенінің аумағындағы 243,2 гектар жерді көгалдандыру жұмыстарын жүргізу туралы меморандум бойынша депутат Әділбек Идиятовпен бірге облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұртаевпен кездесіп, 20 гектар көлеміндегі жерді көгалдандарыруды Мақат ауданына бөлуге қолқа салдық. Нәтижесінде облыс әкімінің орынбасары табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына меморандумға өзгеріс енгізу жөнінде тапсырма берді.

Сондай-ақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының сол кездегі басшысы С.Өтеғұловпен кездесіп, аудандағы бұралқы иттер мен мысықтарды аулау мәселесін көтердік. Нәтижесінде ауданымызға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді.

Тағы бір қоса кететін жәйт, ауданда баспанасы өрт салдарынан зардап шеккен бірқатар аудан тұрғындарының арызы бойынша орташа кірісі есепке алынбай 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек тағайындалған болатын. Бұл қаражат тілсіз жаудан зардап шеккен азаматтар үшін өте аз екені сөзсіз, себебі жылма-жыл инфляциямен қатар, тауар бағасы да өсуде. Аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, облыс әкімінің орынбасарымен жолығып, мәселенің мән-жайын жеткізген болатынмын. Қолдау тапқан мәселе сессияның қарауына еңгізіліп, атаулы көмек мөлшері 500 айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылды.

Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Әділбек Идиятовпен бірге сайлаушылардың Доссор кентіндегі Ғ.Сағытжанов және Т.Текеев көшесінің қосылатын жеріне асфальт төсеуге білдірген өтінішін тыңдадық. Өйткені күн ашықта ақ шаң, жаңбыр жауса ми батпаққа айналатын бұл жер – оқушылардың күнделікті мектепке қатынайтын жолы. Аудан әкімдігі және мердігер мекеме өкілдерімен келіссөз нәтижесінде тұрғындардың өтініші қанағаттандырылып, Доссор кентінде жүргізіліп жатқан 24 шақырым жол салу жобасына аталмыш көшедегі қиылыс қосылып, асфальтталған болатын.

Сонымен қатар, Доссор кентінен сайланған аудандық мәслихат депутаттары кентішілік 32 км автокөлік жолдарына жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға атсалысты.

Депутаттардың қабылдауына келген азаматтар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Қабылдауға келген тұрғындарды негізінен баспана және жұмыс мәселесі мазалайды. Олардың өтініштері мен мұң-мұқтажын тиісті органдармен бірлесе шешуге атсалысуда. Тоқсан сайын бекітілген кестеге сәйкес халықпен кездесу де ұйымдастырылады. Онда көтерілген мәселелер бойынша депутаттар оң шешімін табуына жұмыстанып келеді.

Депутаттар волонтерлық топтарда белсенді болып, ел басына қиын-қыстау жағдайларда белсенділік танытып, ауданымыздың бірлігі мен халықтар достығының бір жағадан жең шығарып, бірлік пен азаматтық, татулық пен берекенің ұйытқысы болуға әрдайым дайын екендіктерін көрсетуде. Оның бір дәлелі кешегі су тасқыны кезінде айқын көрініс тапты.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 21-1 бабының негізінде аудандық мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдарына депутаттық сауалдарын жолдап келеді. Аудан бойынша көтерілген тұрғын үйі өрт салдарынан зардап шеккендерге тиісті деңгейде көмек көрсету және әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайту, тозығы жеткен тұрғын үй иелерін жаңа үймен қамтамасыз ету, медицина саласы мамандарына берілетін қызметтік пәтерлердің жай-күйі, «Атырау-Алматы» №29 пойызын станса басына 10 минутқа тоқтату секілді мәселелер оң шешімін тапты.

Сонымен қатар, Бәйгетөбе ауылдық округі бойынша балалар ойын алаңшасын салу, қоқыс алаңы нүктелерін қоршау, жаяу жүргіншілер жолын және орталық сахна алаңын салу, үлкен жүк көліктерінің жүруіне кедергі болатын газ желілерін биіктету, Сағыз өзеніне 13 шақырым өткел салу, Шеңгелді (377 бекет) ауылына теміржол вагонымен ауыз суды қамтамасыз ету туралы сауалдар көтерілді.

Ал Мақат кенті бойынша істен шықан жанар-жағар май бекетінің қауіпсіздігі, теміржолдан мал мен көлік өту үшін өткел салу, «Балбөбек» бөбекжай балабақшасы ғимаратының бір бөлігін жеке кәсіпкердің меншігінен сатып алу және Доссор кенті бойынша аумақтағы сорды көму, иесіз тұрған бұрынғы О.Сарғұнанов атындағы мектеп ғимаратының қауіпті жағдайы, 60 үйлік пәтерлерге мердігер мекемелерге екі жыл кепіл болса да жөндеу жұмыстарын жүргізбегені туралы сауалдар жолданды.

Жалпы жыл басынан бері атқарушы органға он үш депутаттық сауал жолданды.

Мәслихат жұмысын үйлестіретін мәслихат аппараты. Алғашқы құрылған мезгілден бастап мекеме қызметкері болған азаматтар мәслихат тарихында қалатын болады. Олар: Рысжан Қазанбаева, Күлжанат Оспанова, Әслима Сәрсенбаева, Орынша Сариева , Амангелді Әміров , Шынар Ешім, Сатыбалды Батырова, Шарипа Жанасова және тексеру комиссиясының төрағасы болған Адайхан Елубаевтардың да есімін атап өткен жөн.

Бүгінгі күнде Назгүл Алмаханова – аппарат басшысы, Айболсын Куразов – ұйымдастыру және құқықтық бөлімінің басшысы, Гүлзия Сариева – бас маман, Альбина Бозжігітова – бас маман заңгер, Армангүл Келдібаева есепші болып қызмет атқарады. Аудандық мәслихат аппараты тиісті заңдарға және мәслихаттың регламентіне сай жұмыс жасайды.

Биыл еліміздің жергілікті өкілді органдары – мәслихаттарға 30 жыл толып отыр. Аудан мәслихаты мен депутаттары ауданымыздың осы жылдары тұрақты дамуына елеулі үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Халық аманатын арқалаған және оны өз мезгілінде жоғары жауапкершілікпен атқарған халық қалаулылары мен аппарат қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін.

Азамат ШАҢҒАЛАЕВ,

аудандық мәслихат төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT