Аудандық мәдениет үйінде батыс аймақтық бейнелеу шеберлерінің «Мұнайлы мекен» атты плэнерінің жабылу салтанаты өтті.
Ауданның 95 жылдық мерей тойына тарту етілген шаралардың тізімін толықтырған бұл басқосудың негізі мақсаты - бейнелеу өнерін дамыта отырып, табиғат аясында салынған суреттер арқылы туған елдің табиғаты мен байлығын аудан одан әрі облыс тұрғындарының назарына ұсыну еді. Қылқалам иелерінің керемет туындылары мұражай қорын толықтырып, мәдениет ошақтарына айрықша әр бермек.
Шара барысында Мақат ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Мұратұлы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды.
Шілденің 23-інші жұлдызында басталған бұл плэнерге Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Орал өңірлерінен 18 суретші қатынасты. Бояу мен түстер үйлесімділігін шебер үйлестіре білген шығармашылық иелері үш күн бойына табиғат аясында мұнайлы өлкеміздің ажарын айшықтайтын тарихи орындар мен әсем көшелерімізді бейнеледі.
Осылайша ақыны жырлап, сазгері әнге қосқан қастерлі топырақ қылқалам иелерінің де тың туындыларына арқау болды. Шара соңы аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасына ұласты.
А.Садыков
суреттер автордікі