Аптаның сейсенбі күні аудандық кіші мәжіліс залында аудандық мәслихат отырысы өтті.
Мәслихат отырысы аудандық мәслихат төрағасы Азамат Шаңғалаев пен аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов төрағалық жасады.
Мәслихат сессиясында күн тәртібіндегі мәселелер қарастырылып, оң шешімдер қабылданды.
Алдымен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Медет Қайратов аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №69-VIIІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасады.
Келесі кезекте күн тәртібінде тұрған Мақат ауданы бойынша халық үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Темірбек Іңірбай баяндама жасап, мәслихат депутаттарының шешімімен тариф бағасын қайта қарау үшін зерделеу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс алды. Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық бөлімінің басшысы Аида Мұқанова аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 26 мамырдағы «Мақат ауданының терроризмге қарсы комиссиясы туралы» №108-VІI шешіміне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасап, мәслихат депуттары тарапынан бір ауыздан мақұлданды.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия құру туралы ұсыныс айтылып, комиссия құрамына өзгеріс енгізу керектігі де баса айтылды.
Нәтижесінде мәслихат депутаттары оң шешім берді.
Сессия соңында аудандық мәслихат депутаты Әділбек Идиятов сөз алып, депутаттық сауал жолдады.
Сонымен қоса, аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов «Мақат ауданының 100 жылдық» мерей тойы қарсаңында ауданның гүлденуіне елеулі еңбек еткен тұлғаларға ауданның «Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныс білдіріп, мәслихат депутаттар тарапынан бір ауыздан мақұлданды.
Ж.Нұрбегісқызы