Мақат ауданына 100 жыл мерей тойына орай Мақат локаматив пайдалану депо ұжымы «Мұнайлы елім – киелі жерім» атты мерекелік концерт қойды.
Шара тоғыз жолдың торабында ерен еткен теміржолшылардың бейнеролигінен бастау алды.
Алдымен Мақат локоматив пайдалану депосының бастығы АбзалСенбі Самаликов сөз алып, аудан тұрғындарын атаулы мерекемен құттықтады. Әрмен қарай мерекелік концерт ұжымдық флешмобпен жалғасты.
Жансая Бисембаева «Қазақстаным», «Кел Мақатқа» Жансен Қайыров, теміржолшылар квартеті «Туған жер», Ұлболсын Бектурлиева «Әке-ана» , Сайфолла Балмағанбетов «Көк өрік», Бисенбай Әкімгереев «Біздің елдің жігіттері» әндерін орындап, халық көңілінен шықты. Келесі кезекте Мақат депо жастарының орындауында «Құдаша» биі көпшілікке ұсынылып, көптің ықыласына бөленді.
Аудан тарихына терең үңілген мекеме қызметкерлері Мақат станциясы вокзалына қойылған «Боздағын күткен ана» ескерткішінің шығу тарихын бейнелейтін қойылым қойып, көрермен көзіне жас үйіртті. Ескерткіштің киелі жерге тегіннен тегін қойылмағандығы көрсетіліп, «Боздағын күткен ана» ескерткіштің бой көтеруіне Ұлы Отан соғысына кеткен жалғыз ұлын 30 жыл бойы– соңғы демі қалғанша күткен Сәнді Деңгелбайқызының өмірі негіз болған.
Әсерлі қойылымнан кейін Айбек Баймұратовтың орындауындағы «Ана», теміржолшылардың «Күн дидарлы Қазақстан», «Мұнайлы менің мекенім», Мейрамгүл Салықованың орындауында «Айналайын», Рустем Байбусіновтың орындайындағы «Адай» күйі шырқалды. Өздерін жан-жақты қырынан танытқан теміржолшылар «Поездағы жағдай» қойылымы арқылы көрермен көзайымы атанды.
Тоғыз жолдың торабы болған қара алтынның отаны болған мекеннің әрбір ұл мен қызы өнерден құр алақан емес екендігі анық.
Атаулы шарада Мақат локаматив пайдалану депо ұжымы сегіз қырлы, бір сырлы екендігін көрсетті.
Ж.Қамза