Ауыл тазалығы ауданның келбеті. Күре жолдың бойында орналасқан ауданымызға аяқ басқан кез келген қонақ алдымен ауыл тазалығына көз салатыны анық.
Осы орайда аптаның сейсенбі күні аудан әкімі аппараты жанынан құрылған жұмыс тобы "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында аудандағы барлық кәсіпкерлік нысандарды аралап, мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Ондағы мақсат, кәсіпкерлерге ауыл тазалығын сақтауға, кәсіпкерлік нысан ауласын таза ұстауға, көгалдандыру және сыртқы көрнекілік құралдарын жаңартуға, республикалық "Таза Қазақстан" акциясына белсене қатысуға шақыру болып табылады.
Рейд барысында, ауласы және айналасы қоқысқа толған дүкендер мен жөндеу орталықтарының иелеріне полиция бөлімінің қызметкерлері тарапынан ескертулер берілді. Айта кетейік, кәсіп иелері өздерінің ғимараттарының қасбеттерін ретке келтіріп ұстамаса, айналасының тазалығын сақтамаса, жарықтандыру жұмыстарын ұйымдастырмаса, сондай-ақ айналасындағы жасыл желектерді күтіп ұстамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 505-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар, аталған құқық бұзушылықтар бойынша жеке тұлғаларға - 73 840 тг(20 АЕК), шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 110 760 тг(30 АЕК), орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 147 680 тг(40 АЕК), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 369 200тг(100 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.
Б.Асхатқызы