Мақаттық құтқарушылардың бір күні

(0 Votes)

Олар үнемі табиғи апат немесе қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан туындаған тілсіз жаумен бетпе-бет келеді. Кез келген сәтте өзіне тап беруі мүмкін қызыл жалынды ауыздықтап, ең алдымен адам өмірін сақтауды мақсат етеді. Өмір мен өлімнің арасында жүру қаншалықты қауіпті болса да, бастарын бәйгеге тігеді. 

Сондықтан осындай ерлікпен пара-пар жұмыстың жүгін арқалап жүрген құтқарушыларды бүгінгі күннің батырлары десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені, ауа-райына, уақытқа қарамай, тіпті шыңырау құдыққа да түсуге дайын олар үшін ашылмайтын есік жоқ дерсіз.

Жыл сайын елімізде 19 қазан күні – құтқарушылар күні аталып өтіледі. Аталған мереке тұсында бізде аудандағы №8 Өрт сөндіру бөлімінің бір күнгі жұмыс күнімен танысып қайттық. Мұнда барлығы отызға жуық құтқарушы жұмыс істейді.

Өртке қарсы қызмет бөлімдері қарауылдары жұмысын таңғы сағат 08:30-да бастайды. Жұмысқа келген өрт сөндіруші-құтқарушылар 24 сағат бойы бөлімде болады. Яғни, бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демалады. Ал бір ауысымдағы кезекшілікке 6 адам түседі.

Алдымен сағат 08:30-09:00 аралығында қарауыл ауысып, аусым техникалық қауіпсіздік бойынша нұсқамалықпен жеке құрамға маңызды мәліметтерді жеткізуден басталады. Әрі қарай құтқарушылар көліктердің жағдайын, құтқаруға қажетті құрал-жабдықтарды бір тексеріп шығады. Содан соң, сабаққа дайындық басталып, кесте бойынша сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ өрт сөндірушілер өрттен құтқару дайындығы бойынша белгілі бір уақыт аралығында нормативтер орындап, дене жаттығуын жасайды. Ал бұл – кәсібилікті тағы бір пысықтау болып табылады. Олар жаттығу кезінде де құтқарушылар киімін киіп, төтенше жағдайда жұмыс жасайды. Осы ретте өрт-сөндіруші құтқарушылар неше түрлі жағдаймен бетпе-бет келген кезде абдырап тұрып қалмай, шұғыл әрекет ете білу керек дейді.

Одан әрі тамақтану уақытынан соң, жеке құрамның еңбек және демалыс жағдайын жақсартуға бағытталған әкімшілік-шаруашылық шаруалар жасалынады. Кейін, құтқарушылар кешкі ас ішіп, өрт сөндіру көлігі мен өрт техникалық жарақтарға күтім жасайды. Әрі қарай, мәдени шаралар мен теледидардан, радиодан жаңалық хабар тыңдайды. Кешкі күтім уақытынан соң, сағат 23:00-ден кейін тынығуға рұқсат. Алайда, ауысымның жұмысы жалғаса береді.

Десе де, өрт сөндіруші-құтқарушылардың қызметтегі өмірін осылай нақты бір кесте бойынша өтеді дей алмаймыз. Өйткені олар төтенше жағдайлар орын алған кезде дереу оқиға орнына барады. Сондықтан да құтқарушылар қашанда сақадай сай болуы қажет.

Жалпы, қызыл жалынды ауыздықтау – кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Ал бұл бүкіл команданың күшімен атқарылатын жұмыс. Ол үшін бірлесе жұмыс атқарып, ауызбіршіліктің болуы қашанда маңызды. Осы тұста №8 Өрт сөндіру бөлімі ұжымының тату екендігі байқалады. Олардың бәрі жарқын, достық қарым-қанынаста. Осы ретте аталған бөлімде қызмет ететін құтқарушылар өрт сөндірушінің жұмысы жауапкершілікті талап ететін мамандық екендігін айтады.

«Бұл салаға келген әрбір сарбаз өз қызметін жақсы білуі тиіс. Себебі, өрт сөндірушіге ең алдымен шапшаңдық пен батылдық қажет. Мәселен, жұмыс барысында бұйрық түскен сәттен бастап, біз 1 минуттың ішінде іштен шығып, оқиға орнына жедел түрде жетуіміз керек. Сондықтан кез келген уақытта құрал-саймандарымыз сақадай сай болуы міндетті. Ол үшін күнделікті дайындық жаттығулары болып тұрады. Жаттығулар ауыр болғанымен шыныға келе үйреніп кетесің.

Жалпы, өрт болған жерге кетіп бара жатқаныңда алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Бірақ, оқиға орнына барған сәтте ойыңды жинақтап алып, қалай іске кірісіп кеткеніңді байқамай қаласың. Бізге ең бірінші кезекте адамды құтқару маңызды. Барлығы жақсы аяқталған соң, деміңді алып, ерекше сезімде боласың», - дейді №8 Өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы Азамат Жұматайұлы.

Жүректілік пен батылдықты талап ететін мамандықтың біз білмейтін қыр-сырлары көп-ақ. Ал олардың атқарып жатқан еңбектері өлшеусіз. Тіпті, олар күнделікті өмірде қандай апатты жағдайлармен бетпе-бет келетінін және қиындықты қалай еңсеретінінде ашылып айта бермейді. Сондықтан болар, олар қандай қиындыққа тап келсе де, өз істерін абыроймен атқаратындығына халықтың сенімі қашанда жоғары. Сол үшін де тәуекелге бел байлап, өз өмірін қатерге тіге салатын бұл мамандық иелерін жүрек жұтқан батыр деуге болады.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT