Елімізде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен бекітіліп, ресми түрде қарашаның үшінші жексенбісінде тойланып келеді. Мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде Доссор мәдениет үйі ұжымының ұйымдастырумен «Ауылым-алтын бесігім» атты мерекелік шара өтті.
Мерейлі мерекенің басын аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев мерекелік құттықтау сөзімен бастап, ауыл шаруашылығы саласының биылғы жеткен жетістігіне тоқталды. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда, ауданда төрт-түліктің басы көбейіп, олардан алынатын өнім көлемі де артқан. Биыл 2600 мүйізді ірі қара, 6040 уақ мал, 2385 жылқы, 712 түйе қыстаққа түспек. Қазіргі кезде ауданда 69 шаруа қожалығы бар. Бұл ретте ата кәсіпке бетбұрып, кәсіпкерлікті дамыту керек екенін аудан әкімінің орынбасары тілге тиек етті.
Сонымен қатар, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан ауыл шаруашылығы салаларының қызметкерлері мен шаруагерлерін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және аудан әкімі атынан марапаттады. Атап айтсақ, «Тимур» шаруа қожалығының басшысы Т.Нұғыманов, «Айбас» наубайхананың басшысы Қ.Тұрсиева, «Сембаев» наубайхана басшысы Н.Сембаева, «Амина» наубайхана басшысы А.Галлемова облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының алғысын алса, «Тұрлан» шаруа қожалығының басшысы А.Ізғалиева, «Сұлтан» шаруа қожалығының басшысы Б.Қалиева, Бәйгетөбе ауылдық округі ветеринариялық пункт меңгерушісі М.Мұханбетов, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясының іс-қағаз жүргізушісі Ж.Есекенова, «Аян» шаруа қожалығының жұмысшысы Қ.Жануалиев, жеке кәсіпкер Ш.Оспанов аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Келесі сөз кезегін аудандық маслихат депутаты Генадий Биманов алып, бір топ ауыл шаруашылығы озаттарын облыстық және аудандық мәслихат хатшысы атынан марапатқа бөледі.
«Жеңісбек» шаруа қожалығының басшысы Б.Лұқпанов, «Аян» шаруа қожалығының басшысы М.Үмбетқалиев, Доссор кентінің ветеринариялық пункт меңгерушісі Т.Құрманғалиев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы Р.Тортиева облыстық мәслихат хатшысының алғыс хатымен және «Рита» шаруа қожалығының басшысы М.Айдаралиева, «Марат» шаруа қожалығының басшысы Ө.Боздақов, Бәйгетөбе ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің фельшері Г.Нұрғалиева аудандық мәслихат хатшысының алғыс хатына ие болды.
Салтанатты шараның соңы ел экономикасына елеулі үлес қосып жүрген ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні мерекесіне арналған қала және жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Ақболат Отаубаев, Мерей Қабдолов, Ардақ Дүзелбайқызы, Данияр Еримов, Думан Құрмашев әннен шашу шашса, Айзада Қабиболлаева қобыз аспабымен «Бипыл» шығармасын орындады. «Шаттық» және «Еркем-ай» үлгілі би ансамблдері мың бұрала би билеп, сахна көркін қыздырды. Ал, «Елге тілек» әнімен мерекелік кеш қорытындыланды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
СУРЕТТЕР АВТОРДІКІ