Өңірде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ХVIII маусымы дәстүрлі түрде жабылды. Салтанатты жабылу маусымына облысқа қарасты жеті ауданның сарбаздары қатысқан болатын. Бұл жоба жастардың отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, жазғы демалыс уақытында жұмыспен қамтыды.
Салтанатты іс-шарада облыстық Ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары Злиха Таласбекова «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздарына алғыс білдіріп, жастардың келешегінен зор үміт күтетінін жеткізді.
Сондай-ақ, маусым барысында қызметтерін қарқынды атқарып, белсенділік танытқан жастар орталығы мен жасақ сарбаздары он түрлі номинация бойынша марапатталды. Жасақ жұмысын әлеуметтік желіде белсенді түрде бөліскен аудан сарбазы Шынар-ай Галиева «Үздік медиа маман» номинациясын иеленді.
- Жасақ сарбазы болып жұмыс жасау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Мен тек қана жұмыс жасап қоймай, мақсаты айқындалған қоғамда белсенділік танытатын өзге де жастармен дос болып, уақытты тиімді өткіздім. Жоба аясында тазалық, тал егу акцияларына қатысып, ауданның көркеюіне тамшыдай болса да өз үлесімді қостым,- дейді сарбаз Ш.Галиева.
Айта кетейік, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ХVIII маусымында ауданда барлығы 182 сарбаз жұмыспен қамтылған болатын.
М.СЕРІКҚЫЗЫ