Мақатта көпбалалы аналарға алқа тағылды

Мақатта көпбалалы аналарға алқа тағылды
Суреттер автордікі
(0 Votes)

Аптаның сейсенбісі күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ұрпақ санын арттырып, ел демографиясына үлес қосып жүрген көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілері табысталды.

Салтанатты жиын барысында алдымен аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетіп, лебізін білдірді. Сондай-ақ ол аналарға салтанатты түрде алқаларын табыстап, ықылас гүлін тарту етті. 

«Отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің болашағын тәрбиелеп, өсіріп отырған сіздер, аяулы аналар. Сіздер табиғат сыйлаған табандылық пен іскерліктің, шыдамдылық пен қажырлы қайраттың арқасында әр салада қызмет етіп, тек қана ұл-қыздарыңызға ғана емес, жан-жаққа үлгі болып жүрсіздер! Сондықтан алдағы уақытта сол еңбектеріңіздің жемісін көріп, балаларыңыздың қуанышына тоймай жүре беріңіздер», – деді аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 25 тамыздағы №412 Жарлығына сәйкес, Жайнагүл Сағынбаева «Алтын» алқа иегері атанса, Нұралина Гүлзира, Майра Китуева, Марина Есенова, Ақбота Сүйесінова, Айнагүл Жақсылықова, Назкен Сәлімова, Дәмелі Тасмағанбетова, Жанаргүл Саршолақова «Күміс» алқамен наградталды.

Алтын мен күміс алқа таққан аналардың қуанышында шек болмады. 6 баланың анасы, күміс алқа иегері Марина Есенова: «Аудан басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер мен берілген марапат бізді қанаттандыра түсті. Өздеріңіз көріп тұрғандай, әр ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрға толды. Бейбіт заманда дені сау ұрпақ өрбітіп, жайлы ғұмыр кешуіміз ел азаматтарының арқасында деп білеміз», – деп алғаусыз ақ тілеген жеткізді. Айта кетейік, қазір ауданда 210 «Алтын алқа», 356 «Күміс алқа» иегері бар.

М.ІЗТҰРҒАНОВА,

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521