Аудандық сотта жаңа судья

Аудандық сотта жаңа судья
Суреттер автордікі
(0 Votes)

Ауданға жұмыс сапарымен келген Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихова және Сот әкімшілігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің басшысы Гүлжан Жұмағалиева аудандық сотқа тағайындалған жаңа судьяны ұжымға және аудан активіне таныстырды. 

Жиналысқа аудан әкімі Ринат Ибрагимов, кент, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер қатысты. Алғаш болып сөз алған Анаргүл Салихова судьяның өмірбаяны мен еңбек жолына тоқталып жаңа жұмысына сәттілік тіледі.

«Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 24 наурыздағы №150 Жарлығымен Орыспаев Құрмет Орыспайұлы Атырау облысы Мақат аудандық сотының судьясы лауазымына тағайындалды. Судья лауазымына тағайындалғаннан кейін Құрмет Орыспаев өндірістік қажеттілікке байланысты Атырау қаласының №2 сотында қызметтік іс-сапарда болды. Қазіргі уақытта Мақат аудандық сотында судья қызметіне кірісті. Атырау облыстық соты төрағасының Өкімімен Құрмет Орыспайұлына осындағы аудандық сот төрағасының міндеттері жүктелген. Жас болса да үлкен қызметке тағайындалып жатқан әріптесімізге сәттілік тілейміз», - деп толықтырды А.Салихова.

Құрмет Орыспаев 1992 жылы туған. Сот жүйесіндегі еңбек жолын 2015 жылы бастаған. Әр жылдары Атырау облысының соттарында, Соттар әкімшісінде бас маман қызметін атқарған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының түлегі.

«Абыройлы қызметті адал атқару менің басты міндетім. Алға қарай сіздермен бірлесе жұмыс жасаймын. Артылған сенімнен шығуға тырсамын»,- деді жаңадан тағайындалған судья.

Өз кезегінде аудан әкімі Ринат Хисаұлы және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Сүлейменұлы да жаңа судьяға жылы лебіздерін білдіріп, сәттілік тіледі.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521