Бүгін орталық алаңда аудандық білім беру саласында өзіндік орны бар Л.Шахатов атындағы орта мектептің ұйымдастыруымен ерекше форматтағы қайырымдылық шарасы өтті.
Бұл кеш – мектеп ұжымы, ұстаздар, ата-аналар мен түлектердің басын қосқан жылдық қорытынды есеп беру фестиваліне айналды.
Шараның басты мақсаты – ұлт құндылықтарын дәріптеу, мектеп пен отбасы ынтымақтастығын арттыру, жұмысшы мамандықтарды насихаттау, аудан өнерпаздарын қолдау мен қайырымдылық жасау сынды маңызды бағыттарды қамтыды.
Кеш барысында ұстаздар, ата-аналар және оқушылар ән мен күйден шашу шашып, терең мағыналы сахналық көріністер мен заманауи билерді тарту етті. Шараның әрбір бөлімі көрерменнің көңілінен шығып, ерекше әсер сыйлады.
Сондай-ақ, кеш аясында ауыр дертпен күресіп жатқан жерлесіміз Бақдәулет Бақтығалиұлының еміне көмек көрсету мақсатында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қолдау ретінде қаражат жиналды. Бұл – жұдырықтай жұмылған жұрттың бірлігі мен жанашырлығын көрсеткен нағыз игілікті іс.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Әсел Шайзадақызы мектеп ұжымына алғыс хат табыстап, ұжымның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ж.Қамза
Сурет автордікі