«ЕЛ СЕНІМІН АҚТАУ – БАСТЫ БОРЫШЫМ!»

«ЕЛ СЕНІМІН АҚТАУ – БАСТЫ БОРЫШЫМ!»
(0 Votes)

 Мемлекеттік қызмет – жауапты әрі абыройлы міндет. Ал, мемлекеттік қызмеші болу – бұл ел мүддесі жолында халық үшін тынбай еңбек етіп, өзіне артылған жауапкершілік жүгін тереңінен түсіну дегенді білдіреді. Оларға қойылатын басты талап та сол «Елге адал қызмет ету» болып табылады. Сонысымен олар халыққа қадірлі болмақ.

 Қоғамда білікті маманның бәсі қашанда жоғары болатыны анық. Оған біздің бүгінгі кейіпкеріміздің атқарған қызметі дәлел.

Мемлекетке адал қызмет етуді басты борышы санайтын кейіпкеріміз Гүлнұр Атабаева 1985 жылдың 1 желтоқсанында мұнайлы мекен Мақат кентінде көпбалалы отбасында дүниеге келген.

Жастайынан оқу-білімге құштар болған ол Х.Санбаев атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде есеп және аудит мамандығы бойынша білім алады.

Аталған оқу орнын сәтті аяқтаған кейіпкеріміз 2007-2011 жылдар аралығында «Мақат Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас есепші лауазымына орналасады. Бұл оның еңбек жолының алғашқы баспалдағы еді.

Кейіннен ол аудандық құрылыс және аудан әкімі аппаратының қаржы шаруашылық бөлімдерінде бас маман-есепші, одан әрі 2013- 2016 жылдар аралығында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бақылау бөлімінің бас маманы және бас инспекторы, 2019-2023 жылдар аралығында аудан әкімінің бас инспекторы, 2023-2024 жылдар аралығында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгеруші болып қызмет атқарған.

Ал бүгінде ол сол аталған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бөлім басшысы болып еңбек етуде.

«Қарап отырсам мемлекеттік қызметте жүргеніме 13 жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл біреулер үшін аз, кейбіреулер үшін көп болуы мүмкін. Ал, бұл уақыт мен үшін мемлекет мүддесі жолында атқарған адал қызметімнің асыл уақыты. Менің мемлекеттік қызметке келуімдегі басты мақсат – ол халыққа адал қызмет ету, мемлекеттік саясатты сапалы жүзеге асыру және елімнің дамуына өз үлесімді қосу, сонымен қатар өзіме жүктелген функционалдық міндеттерді мінсіз орындау арқылы ел азаматтарының мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыру болып табылады. Жалпы мемлекеттік қызметшіге ар-тылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Өйткені олар билік пен халық арасындағы өзіндік байланыстырушы көпір. Сондықтан халық пен мемлекеттің артқан сеніміне селкеу түсірмей, адал қызмет ету қажет»,- дейді кейіпкеріміз Гүлнұр Серікқызы.

Иә, мемлекеттік қызметші болу – әсіресе әйел азаматы үшін оңай іс емес. Өйткені мемлекеттік қызмет қателесуді кешірмейді. Десе де кейіпкеріміз Гүлнұр Серікқызы мемлекеттік қызметпен қатар, отбасыны қатар алып жүрген көпбалалы ана ретінде көпшілікке үлгі.

«Біз өмірлік серігім Бауыржан Мұханғалиевпен 2008 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде 2 ұл мен 2 қызды тәрбиелеп отырмыз. Жолдасым теміржол саласында тепловоз машинисі болып еңбек етуде. Мен осы саланы таңдағаныма еш өкінген емеспін. Өзім жұмыста мемлекеттік қызметкер болсам, отбасында анамын. Жасыратыны жоқ, жұмыс пен отбасы арасында келеңсіздіктер кездеседі. Десе де өзара түсінісу арқылы бүгінде берік отбасы болып отыр¬мыз. Жолдасымның қолдауының арқасында мен өз саламда беделді қызмет атқарудамын»,- дейді кейіпкеріміз.

Ар мен абыройды қатар алып жүретін салада кейіпкеріміз аудан тұрғындарының ықыласына бөлене білген білікті маман. Сөзіме дәлел, ол атқарған адал қызметі үшін 2023 жылы «Үздік мемлекеттік қызметкер» атағына ие болған. Одан бөлек, облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Ол өзінен кейінгі мемлекеттік салада қызмет етуді армандайтын жастардың бойында ең алдымен жауапкершілік қасиеттің болуы қажет екенін айтады.

«Мемлекеттік қызмет – бұл жай ғана жұмыс емес, ол халыққа қызмет ету миссиясы. Осы салаға келерде не үшін келе жатқаныңды, қандай нәтижеге жеткің келетінін нақтылау керек. Жастарға арман мен мақсат жолыңды айқында дер едім. Адалдық пен әділдік – басты қағидаң болсын. Жемқорлықтан аулақ бол! Кез келген шешімде әділетті болуға ұмтыл! Бұл кәсіби абыройдың негізі болып табылады. Өзіңе айтылар сынға сабырмен қарап, мәселені эмоцияға емес, парасатқа салып шешуді үйрен дер едім. Тәртіп пен жауапкершілік серігің болу қажет. Жұмыста дәлдік пен уақытты бағалау – мемлекеттік қызметшінің басты ерекшелігі»,- дейді бөлім басшысы Гүлнұр Атабаева.

Иә, мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет. Бұл халықтың мемлекеттік қызметшіге артқан жауапкершілігінің жүгі. Ен¬деше мереке тұсында ел мүддесі үшін адал еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз Гүлнұр Серікқызына абыройлы қызмет тіледік.

 

Ботакөз Асхатқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT