Ескі көлікжайлардан көше тазарса, келбетіміз келісер еді

(0 Votes)

Жылына екі рет өткізілетін аудан елді мекендерінің санитарлық жай-күйін жақсарту, халық арасында жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатындағы екі айлықтар кезінде аудан әкімдігімен бекітілген жоспарға сәйкес тазалық жұмыстарына бар күш жұмылдырылады.

Осы жылдың 16 мамыры күні №68 "Санитарлық тазалық жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және аудан елді мекендерінің санитарлық жай-күйі мен көріктендірілуі жөнінде екі айлық байқау өткізу туралы аудан әкімінің қаулысы шыққаны белгілі. Осы қаулыны жүзеге асыру үшін арнайы іс-шаралар жасақталып, бекітілді. Біраз шаруа жасалды. Дегенмен, аяқталмаған жұмыстар да жетерлік.

Айлық барысында кент ішінің архитектуралық ансамблін бұзып тұрған ескі ғимараттар туралы жиі айтылып, олардан тазарту жөнінде де ұсыныстар көп болды. Тіпті, айлық басталмас бұрын аудан әкімі қызметіне жаңа кіріскен Жұмабай Қарағаевтың өзі кент ішін аралап шығып, қирап, кент сыйқын алып тұрған ғимараттарды тез арада иесін анықтап, бұзу, орнын тегістеу немесе өзге де мақсатқа пайдалануы үшін нақты тапсырмалар берген болатын. 15 мамыр күнгі мәжілісте аудан әкімі екі айдың ішінде осы жұмыстарды нақтылап, оған қайта айналып соқпауды құзырлы орындарға міндеттеген еді. Жаз өтіп, күз жетті. Әсіресе, оңтайландыру тұсында тиынға сатылып, бүгінде кент ішіндегі сұрықсыз ғимараттардың орнына жаңасын тұрғызамыз ниеттегі иелері бүгінде көше келбетін бұзып отырғанын білсе де, еш қимылсыз отыр. Мәселеге орай Доссор кенті әкімі аппаратының бас маманы Алма Тәжібаевамен тілдескенімізде, ол кент ішіндегі 10 жылдан аса жарамсыз деп танылған пайдаланусыз, тұрған байланыс үйінің аукцион арқылы жергілікті жеке кәсіпкер иелігіне өткендігін, енді иесі анықталған соң оның кент келбетіне нұқсан келтірмейтіндей шешім алып, ретке келетіндігін айтты. Сондай-ақ, теміржол вокзалы маңындағы және базар маңындағы ескі нысандардың да жергілікті кәсіпкерлер иелігіне өтіп, бүгінде бұзу жұмыстары жалғасын тауып жатқандығы белгілі болды. Ескі гараждар әлдеқашан өз орындарын тапқан.

Енді аудан орталығы - Мақаттағы күй нешік? Кент әкімдігі осы мәселе бойынша ерте қамданғанмен, әлі де баяу жүруде. Бүгінгі күні көше сыйқын алып тұрған 77 көлікжайдың 31-і орнынан алынған. Іші-сыртын тот басып, әбден тозығы жеткен бұл темір көлікжайлардың қайсыбірі - кәдімгі теміржолдағы вагондар. Олардың бірқатары тіпті қараусыз қалған. Сұрықсыз көлікжайлар кент көркін бұзғаны өз алдына, қобырсыған қоқыстың ордасына айналып кеткеніне де біраз болды. «Көлікжайдың қожайынымыз» деген азаматтардың 15-інің ғана қолында тиісті құжаттары бар болып шықты.

Арнайы көтергіш кран техникасына мұқтаждықтан, өзгелері орнынан қозғалмаған. Мақат кенті әкім аппаратының бас маманы Гүлбаршын Назаровадан білгеніміздей, көлікжайлардан босату жұмысы машақаты көп жұмысқа айналған. Өйткені, өте тар жерде орналасқандықтан, нысандарды көтергіш крандар көтеру барысында біраз қиындықтар да кездесіп қалып отыр. Әсіресе, газ құбырлары мен электр желілерінен қорғанудың өзі қиын болып отыр.

- Мәселе жөнінде кент әкімдігі алдын ала ескерту де берді. Арнайы аула аралап, таратып та шықтық. Яғни, талап орындалмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 136 бабы «Жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзу» ретінде жеке тұлғаларға -75, (айлық есептік көрсеткіш -2405 теңге (180 375 теңге), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлерге-100, орта кәсіптік субъектлерге -150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын ескерттік. Тұрғындардың өзі көлікжайларын алуға қауқарсыз. Яғни техника жоқ. Сондай-ақ, техникасы бар кәсіпкерлермен байланыстырып бергеннің өзінде кентте бүгінгі күні техникалық жағынан жарамды көтергіш кран болмай отыр. Бірақ, тапсырма бар. Оны орындау қажет. Сондықтан, қолбайлау болып отырған техника мәселесі шешілсе, болғаны, -деді Г.Назарова.

Одан өзге Х.Санбаев атындағы мектеп жанындағы бұрынғы балабақша тоқсаныншы жылдардың бедерінде оңтайландыру саясатының тікелей құрбаны екендігін мойындап, "әлі де қаншама тұрарымды ием біледі" деген сыңайда. Өйткені, оның да сыртқы келбетінен тоқырауда қалған ескі ғимаратты тану қиын емес. Сырт көзге оғаш көрінген ғимарат иесі кент ішінде қалқиып тұрған ғимаратты жөнге келтіріп, пайдаға асыруға асығар емес. Сол сияқты Қ.Сәтпаев көшесіндегі кірістер басқармасына қарсы беттегі бір кездері қорғаныс басқармасы орналасқан ескі ғимараттың «жұрты» жиналмағалы да бірер жылдың жүзі болды. Тіпті қопарыла құлаған ғимараттың айналасы ыбырсып жатыр. Мұны да бір кездері бір пайдама жаратам деген кәсіпкер ескі жұртты қоршауға асықпайтын секілді.

М.Баймұқанов көшесіндегі ескі жылыту орталығының ғимаратының көше беті қоршалғанымен, айналасы аңғал-саңғал. Адам өміріне қауіп төндірер ғимараттардың кент келбетіне де жарасымсыз көріністі үстемелегеннен өзге бітіріп тұрғаны жоқ. Бұл ғимараттардың иелері кәдеге асыруға мүмкіншілігі болмай жүрген де болар. Әйтсе де, межелі уақыт шеңберінде игеріп, заң нормаларына сыйымды жүзеге асыру талабына ден қою қажеттігі жауапкершіліктерінен алынбасы анық. Соның салдарынан дәурені өткен ғимараттардың сүреңсіз сыйқы көшеміздің сәнін бұзып тұр. Сәнді түзейтін, аулымызды танытатын – өзіміздің өреміз бен азаматтық арымыз. Олай болса, ауданның сәулет, қала құрылыс бөлімінің басшысы, кент әкімі көше көркі мен ғимараттардың орналасу тәртібін қадағалап, тұрғындар бірігіп, жоғарыдағы айтылған жайттарға жан бітірсе, кент келбетінің заманауи үрдістен кейін қалмасы анық.

Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521