Атыраулық өрендер «Baizaarды» думанға айналдырды

(0 Votes)

Республика күніне орай Атырау қаласында Алтын Жұматина атындағы өнер мектебінің «Менің Отаным – Қазақстан» атты мерекелік концерті өтті. Іс-шарада мектептің әнші, биші және күйші оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 «Baizaar» ойын-сауық орталығында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада мектеп директоры ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Алтын Жұматина сөз алып, барша жұртты құттықтады. – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Әр шаңырақта бірлік пен береке орнап, Отанымыздың абыройы асқақтай берсін! Сіздердің құрметтеріңізге арналған концерттен ерекше әсер алып, балаларымыз жоғары көңіл-күй сыйлайды деп сенемін, — деді А.Жұматина.

Концерт «Altyn-alma» би тобының әсерлі «Шашу» биімен ашылды. Әрі қарай жас орындаушылар елге деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген мақтанышты ән мен күй арқылы өрнектеді. Нұртаза Музарттың орындауындағы «Атамекенім», Асима Айбекқызы шырқаған «А мне бы петь и танцевать», сондай-ақ «Самға» вокалдық тобының «Қошақаным қайда екен?» әні көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Өнерлі өрендер арасында Жансая Айбекқызының «Venus» әні, Арафат Өмірғалидың орындауындағы халық күйі «Тепең көк» және Самғат Амирұлының «Жеңгем сүйер» туындысы ерекше әсер қалдырды.

Іс-шараның мазмұнын дәстүрлі ән мен домбыра үні байыта түсті. «Ақсұңқар» дәстүрлі әншілер ансамблі «Біз Отанның ұланымыз» және «Әриайдай» әндерін нақышына келтіріп орындаса, «Аманат» және «Наркескен» домбырашылар ансамбльдері Дәулеткерейдің «Қос алқа», Р.Бейсенұлының «Қолбасшы», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерімен көрерменнің қошеметіне бөленді.

Сондай-ақ сахна төрінде Айнара Ахман («Мереке»), Жақсылық Кабулов («Эти глаза напротив»), Нұрхан Ерболатұлы («Bella chiao»), Сафина Чердабаева («Сәлем саған, туған ел!») сынды орындаушылардың өнері көрініс тапты.

Іс-шара соңында «Zhastar» және «Жұлдыздар» вокалдық топтары «Туған жер», «Қазақстан – это яркий мир» әндерін орындап, мерекелік бағдарламаны түйіндеді.

Концерттің басты мақсаты – жас өнерпаздардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, Республика күні мерекесінің мән-маңызын сезіндіру болды. Көрермендер де ыстық ықыласын жеткізіп, жас дарындардың өнеріне ризашылығын білдірді.

 

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT