Өткен аптада еліміздің барлық мектептерінде «Эко-сағат» республикалық акциясы өткен болатын. Бұл ауқымды шараға Доссор кентінің білім беру ұйымдары да белсенді атсалысты.
Экологиялық сағат өткізу – Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігің, қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының, экологиялық ұйымдар қауымдастығының бірлескен бастамасы. Жалпы экологиялық тәрбие жастардың қоршаған орта мен табиғат аясына немқұрайлы қарамай, тазалықтың маңызын жете түсіндіру, оқушылардың бойында экологиялық мәдениеттің дағдыға айналуына жәрдемдесу, еңбек арқылы табиғатты күтіп ұстауға үйретуді мақсат етті.
Бірыңғай республикалық экологиялық сағат аясында А.Құнанбаев атындағы орта мектебінде, Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінде, С.Шарипов атындағы мектеп-интернатында және О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінде экология тақырыбында сабақтар өтті.
«Эко-сағат» бастауыш, орта және жоғары сыныптарда танымдық-дамытушылық ашық сабақ өткізу және мектеп ауласына жасыл желектер отырғызу бағыты бойынша өтті.
Аталмыш сағат аясында оқушылар табиғат туралы бейнероликтер көрді. Экологиялық тәрбие беруде 1,2,3,4,7,8,10 -сынып оқушыларына арнап ұстаздар сынып сағаттарын ұйымдастырды. Сабақ барысында оқушылар қоршаған ортаның ластану мәселесіне байланысты өз пікірлерін білдіріп, табиғатты сақтау мәселелерін кеңінен талқылады.
А.Құнанбаев атындағы орта мектебінің «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары «Гүл сыйлайық бәріміз» атты акция ұйымдастырып, 22 оқушы «табиғатты аялаймыз бәріміз, бір ауыздан гүл сыйлаймыз бәріміз» деп ұрандап, мектепке үй гүлдерін сыйлады. Ал, С.Шарипов атындағы мектеп- интернатының жатақхана тәрбиеленушілері арасында «Ұшқын» еріктілер тобы құрылып, өз еріктерімен сенбілік ұйымдастырды.
Акция барысында кенттегі білім ұяларындағы 2, 5, 9,10 сынып оқушылары мектеп айналасына 20 түптен жас көшеттер отырғызды.
Жаппай республика көлемінде бастау алған бұл игі акция аясында табиғатты аялауға жаны құштар өрендер Жер-Ананың берген сыйын қорғау баршамыздың ортақ міндетіміз екенін айқындап берді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА