Аудан әкімі Ш.Кейкин "Адалдық алаңында" жеке мәселелерімен келген аудан тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі - жұмыссыз болса, бірі - зейнеткер, бірі - көп балалы.
Көкейде жүрген көп сұрақтың қатарында балабақшаға орналастыру мәселесі қозғалды. Бұған дейін де бірнеше мәрте түсіндірілген бұл түйткілдің шешімі тікелей осы жүйені енгізген тұлғаларға тірелетінін, аудандық білім беру саласының электронды кезекке еш ықпал ете алмайтындығы айтылды. Қабылдауға келгендердің ішінде тұрғын үй мәселесін көтергендер де табылды. Иә, кезектің аты кезек. Аудан әкімі бұл кезек ретін бұзып, заңсыздыққа жол берілмейтінін жеткізді. Алайда тұрғындардың арнайы маңдай тірей келгенін ескерген аудан басшысы ешкімді де жайдан жай жібере салмай, тікелей тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдеріне тұрғынның көзінше қоңырау шалып, керекті кеңесімен бөлісті.
Ауласындағы электр бағанын сыртқа шығарып беруге көмек сұрап келген әжей де ақ алғысын білдіріп, қарыздың қыспағында қалған жанұяға кәсіпкерлер тарапы жұмылдырылды. Әлеуметтік көмек алуда жанұялық жағдайының кедергі тұстарын реттеп беруді өтінген тұрғынның өтініші жерде қалмай, дереу тиісті мекемелердің басшыларына тапсырма берілді.Бұл жолғы қабылдауда кент ішіндегі жөнделіп жатқан жолдың қалдығын сұрай келушілер де табылды. Бірі - алдағы жылы жол салынатын көшесіне төктіргісі келсе, бірі - жеке ауласына жайғысы келеді. Бұған дейін де тиісті жерлерге төселіп жатқан асфальт қалдығының аз қалғандығын басшылыққа алған Ш.Кейкин ендігі ретте мектеп аулаларының тұрғандығын айта отырып, артылған жағдайда аянып қалмайтынын атап өтті.
"Адалдық алаңына" жиналған тұрғындардың ұзын-сонар тізбегінен халықтың билікке деген сенімі мен үмітінің мол екенін аңғарғандай болдық.
А.Садыков
Суреттер автордікі