Әдіскер мұғалім, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Мақат ауданының Құрметті азаматы Мырзахмет Сейтқалиев бар ғұмырын ұстаздық жолға сарп еткен жан еді. Тұла бойы тағылымға тұнған жан шығармашылықпен де қатар айналысып, оның жазған қолжазбалары кезінде жергілікті баспасөз беттерінде жарияланып тұрды.
Жақында ардақты ұстаздың дүниеден өткеніне 10 жыл толу еске алу кешінде Мырзахмет Сейтқалиев арналған «Болмысы биік ұстаз» кітабының тұсауы кесілді. «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасынан жарық көрген кітаптың авторы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Мaqat tynysy» газетінің байырғы редакторы Гүлзада Саликова.
Үш бөлімнен тұратын жинаққа ұстаздың қызмет жолы, баспасөз бетінде жарық көрген мақалалары мен ой-пікірлері, ұстаз туралы естеліктер мен фотосуреттер топтастырылған. Автор кітапты «Ұстаздықты ұлық тұтқан» тақырыбындағы кіріспе сөзбен бастаса, түйінін «Ұрпаққа қылған «тәбәрік» тақырыбымен түйіндейді. 174 беттен тұратын жинақ 100 дана таралыммен басылған.
Кеш барысында ол кісіден тәлім алған шәкірттері, қызметтес болған мұғалімдер, басқа да ауыл азаматтары естеліктерімен бөлісті.
Ұстаздықты ұлық тұтқан Мырзахмет Сейтқалиев 1958 жылы Гурьев педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, оны 1963 жылы тәмамдап шығады.
Сол жылы аудандағы Ескене 11 жылдық мектебіне жұмысқа жолдама алады. 1967-1976 жылдарға дейін директор болып, кейін 1976-1980 жылдары Байшонас орта мектебіне директор, 1980-1982 жылдары Доссор поселкесіндегі №13 кәсіптік-техникалық училищеге директор, 1982-1995 жылдары Абай атындағы орта мектебінде директор, ал 1995 жылдан 2003 жылдары В.Белинский атындағы орта мектебінде қызмет етті. Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін де мектептен қол үзбей, әсіресе жас буын мамандарға көп жылдық ұстаздық тәжірибесі арқасында ақыл-кеңесін беріп тұрды.
Адам баласының қай-қайсысы да дүниеге әкелген анасынан кейін сол дүниенің қыр-сырын үйреткен ұстазының алдында қарыздар. Ал бұл қарыздың өтеуі – мұғалімнің есімін ел жадынан өшірмей, өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа дәріптеу болмақ.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі