Сыбайлас жемқорлық - еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылып, заңнамалар қабылдануда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті. Сондықтан да бүгінгі күні замануи қоғамның күрделі мәселелерінің біріне айналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» мәселесі аудан әкімдігінің, соның ішінде аудан әкімі аппараты қызметінің күн тәртібінен түскен емес. Елімізде кең ауқымда жүргізіліп жатырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес науқанына мемлекеттік қызметкерлер де өз үлесін қосуда.
Аудандық әкімдіктің қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, жұмыс барысында ашықтық пен парасаттылық қағидаларын ұстану басты назарда. Әкімдікте аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия жұмыс жасайды. Комиссияның отырысы тоқсан сайын өткізіліп, мекеме басшыларының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарып жатырған жұмыстары қаралып, нақты тапсырмалар беріледі.
Бұдан бөлек, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 3-тармағына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің функцияларын атқаратын құрылымдық бөлімшелері айқындалып, жұмыс жасауда.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен мемлекеттік қызметті ашықтық қағидаты негізінде жүзеге асыру бойынша Мақат, Доссор кенттері және Бәйгетөбе ауылдық округі әкімдігінің аппараттарында тұрғындарға мемлекеттік қызмет алуға жағдай жасау үшін ашылған «Өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышы жұмыс жасауда.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқы да басты назарда. Қазіргі таңда барлық өңірлерде Әдеп жөніндегі кеңестер жұмыс жасайды. Жергілікті аудан әкімі аппараты ғимараттарында облыстық және аудан әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілдердің дерегі, фотосуреттерімен бірге ғимараттардың көрнекті қабырғаларына орналастырылған.
Бүгінде, мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Мемлекеттік қызметші имиджінің тұтастығы, жоғары кәсібилік пен жеке құзыреттердің, моральдық-адамгершілік қасиеттердің және әдептілік мінез-құлықтың көрінуіне негізделген.
Бүгінде жүйелі және сапалы қызмет атқару мақсатында 2022 жылға арналған 26 тармақтан тұратын іс-шара жасақталып, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде.
Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмыс жоспарына сәйкес, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында тұрақты түрде ауданның мемлекеттік қызметшілері арасында анонимді сауалнамалар жүргізілуде. Сауалнама қортындылары мұқият сараланып, тиісті шаралар қабылданады.
Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі парақшаларында Әдеп кодексі нормаларына нұқсан келтіретін немесе бейәдеп суреттер мен видео бейнелерге үнемі мониторинг жүргізіледі. Өйткені мемлекеттік қызметке орналасу кезінде қабылданатын шектеулердің сақталуы - басты назарда.
Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша құжат қабылдаудан негізсіз бас тарту, заңсыз қолдаушылық, мемлекеттік қызметке кір келтіретін өзге де мән-жайларға жол бермеу, заңнама талаптарының қатаң сақталуы жөнінде түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізілуде.
Сол сияқты мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас-жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, олардың алдын-алу, заңға қайшы іс-әрекеттердің себеп-салдары бойынша да түсінік жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Аталмыш бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түскен емес.
Ж.БӨЛЕКБАЕВ,
Аудан әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл