Қу тақыр: Елімізде мал жаятын жайылым қалмай барады

Қу тақыр: Елімізде мал жаятын жайылым қалмай барады
Фото: Pexels
(0 Votes)

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Елімізде 30 млн гектар жайылым табиғат әсерінен, ал 27 млн гектар жер мал таптағаннан жарамсыз күйге түсті. Kazinform тілшісі осы жерлерді қалпына келтіруге арналған пилоттық жобаның қалай басталып, қандай жұмыс атқарылып жатқанын анықтап білді. 

Жайылымда да, шабындықта да шөп аз — шаруа

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Талдысай ауылының тұрғыны Сәндібек Қалдин 30 жылға жуық уақыттан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Ол әу баста жағдайдың қалай болғанын, бүгінгі күйге қалай жеткенін көзбен көрген шаруа.

— Біріншіден, өндірістің әсері бар. Мұғалжарда мұнай-газ зауыттары көп. Жыл өткен сайын қуаты артып, көлемі ұлғайған кезде оның кері әсері табиғатқа тиді. Бұрын тау болып үйілген күкірт далада жатты, ол шаң болып, жапырақты өсімдіктерді күйдірді. Қазір Мұғалжар ауданында жапырақты өсімдік жоқ. 20-30 жыл бұрын сайлардағы шөп тізеге дейін келетін. Қазір тақырға айналды. Ойпаң жерде қар тұрып, ылғал мол сақталатын, ауасы да өзге болатын. Топырағы да құнарлы еді. Адамзатқа мұнай да, газ да керек. Бірақ кері әсері мықты. Екіншіден, табиғат өзгерді. Жылдан жылға жуын-шашын аз түседі, күн жылып келеді. Қазір тек түрлі өсімдік емес, құстар мен жәндіктер де азайды, — деді Сәндібек Қалдин.

Оның айтуынша, жайылымда жусан мен қылқанбоз қалған. Ал бұрын бидайық болды.

— Қылқанбоз малға зиян. Қылқаны болған соң еттің арасына кіріп кетеді. Көк кезінде және күзде қылқаны түскенде жаюға болады, ал қылқаны қатайғанда арасына кіргізбейді. Кірсе тұла бойына қылқан кіріп, мал қыста өледі. Өзім жайылым іздеп Байғанин ауданына да бардым. Шеті жоқ, шегі жоқ жер бар, бірақ құдықтар бітеліп қалған. Мұны көрген соң, жер алуға тәуекел ете алмадым. Елсіз жерге қыста қалай қатынаймыз? — деді шаруа.

Шаруалар жайылыммен бірге шабындықтың да жайы кетті деп отыр. Олар биыл шапқан жеріне келер жылы тиіспейді. Шөп шапқан күннің өзінде өте аз жинайды. Тіпті ауылдық округтің жерін жалға алып, сондағы шөпті шапқан кезі де болды.

Жылқы таптаған жерлерде шығым аз — шаруа

Қара жерге шөп шықпаса, оған жылқының көбеюі де әсер еткен. Тұяқты жануар шөпті тістеп жеп, тамырымен бірге жұлып әкетеді.

— Жылқы ұстау — оңай бизнес. Қысқа қолға тұрмайды, ол үшін арнайы шөп шаппаймыз. Шөп шапқан күннің өзінде аз ғана азық қажет. Бұрын үлкен совхозда 450 бас жылқы болды. Ал қазір ол жылқы бір адамда ғана бар. Біздің кішкентай ғана ауылда 2 мың бас жылқы бар. Есепке алынғаны бар, тіркелмейтінін және қосамыз. Былтыр мал дәрігері маған 1500 бас деп еді. Жылқы мен қой шөп көктегеннен-ақ тістеп жейді, өсуіне мүмкіндік бермейді. Ал сиыр тілімен орап жейді. Қой азайды, мал бағатын адам жоқ. Ал жылқы артты. Біз жылқы басына шектеу қоюымыз керек. Өзімде 300 бас жылқы болған, оны 250-ге азайттым. Бірақ мен азайтқаныммен өзгелері бірігіп, мал басын арттырып жатыр. Тіпті 2-3 мың бас ұстайды. Бұл мақара ғой! Басқа кәсіппен айналысу керек. Қырғын жылқы табиғатты құртуға айналды. Менің ойым осы. Мал азығына шөп егесің, жылқы келіп таптап кетеді. Оның қайсыбірін қуасың, — деді Сәндібек Қалдин.

Ал сарапшы Бақтияр Садық бұл пікірге келіспейді. Оның айтуынша, мал жаю тәртібі сақталса — бәрі пайда. Ал жүйесіз пайдаланса, зиян.

— Алыс жайылымдар, мал түспеген жерлердің өзі өзінен-өзі тозып кетеді. Себебі мал жайылмаса, топырақты қопсытып отырмаса, өзінен-өзі жарамсыз күйге түседі, — деді ол.

Ақтөбеде 3 млн гектар жер тапталған — басқарма

Ақтөбе облысының жер көлемі — 30,1 млн гектар. Мұндағы жердің 13,3 млн гектары ауыл шаруашылығы мақсатына деп бөлінген. Тарқатар болсақ, 703,3 мың га егістік, 249,6 мың га тыңайған, 126,9 мың га шабындық, 12,1 млн га жайылым.

— 2010 — 2011 жылдары елдімекендердің тозған аумақтарының шекараларын белгілеу бойынша жұмыстар жүргізілген. Қазіргі таңда көлемі 2 млн 582 мың га жер деградацияға ұшыраған. Оның ішінде 473,1 мың га жер су эрозиясына, 2 млн 101 мың га жер жел эрозиясына, 8,3 мың га жер бірлескен су және жел эрозиясына ұшыраған. Сонымен қатар облыста 3 млн 141 мың га жайылым тапталған, — деп ақпарат берді Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасы.

Басқарманың пайымынша, қуаңшылық, жайылымды жүйесіз пайдалану әрі жайылымға түскен жүктің (мал басының көбеюі — ред.) артуы өз әсерін тигізіп отыр. Әсіресе ауыл маңы мен мал суаратын құдығы бар жерлерде шөп шығымы аз.

— Құдықтарды түгендеп, қосымша суландыру учаскелерін анықтау қажет. Жайылымдарды ұтымды пайдаланудың негізгі элементтерінің бірі — жайылым айналымын енгізу, — дейді Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасы.

Шаруа Сәндібек Қалдин де осы ойды құптады. Оның айтуынша, Ақтөбе территориясында игерілмеген жерлер бар. Бірақ жер шалғай.

— Бұрын ол жерлерде құдық болды. Малды сол құдықтан суарды. Малды айдап апарып, сонда баққымыз-ақ келеді. Бірақ су жоқ. Тіпті судың деңгейі төмен түсіп кеткен. Далалық емес, ауылдың өзінде су қашқан. Үйімнің жанындағы құдықтан 1 тонна су алатын едім, қазір 100 литр ғана аламыз. 80-100 метр тереңдіксіз су шықпайтын күйге түстік, — деді Сәндібек Қалдин.

Қазақстанда жайылымды қалпына келтіру — пилоттық жоба

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы бірлесіп, «Агроорманмелиорациялау арқылы Қазақстанда жайылымдық жерлердің климаттық орнықтылығын қамтамасыз ету» жобасын ұсынды.

Жобаға Ақтөбе облысының Әйтеке би (Аралтоғай ауылдық округі) және Мұғалжар (Талдысай ауылдық округі) және Алматы облысының Балқаш ауданында таңдалды. Пилоттық жоба 2024-2027 жылдар аралығында іске асырылады.

— Ауыл төңірегіндегі және агроқұрылым малының жайылып жүрген жерлері неге тозып жатыр? Бірінші бағыт, мал бір жерге жайыла береді. Әсіресе ауылдың малы қысы-жазы, жыл бойы сол маңнан алысқа ұзамайды. Бұрынғы жайылым айналымы ұмытылды. Ата-бабамыз жайлауға, күздеуге, қыстауға барды. Айналып келгенше жер өз қалпына келіп тұратын. Қазір оған мүмкіндік жоқ. Оған себеп — әр шаруаның өзі жері бар, содан шықпайды. Тығырықтан қалай шығамыз? Мәселен Ақтөбе облысында босалқы жерлер бар. Мал бағуды ұйымдастырып, жазда сол жерге шығаруды ұйымдастыру керек. Жоба аясында осындай бірінеше ұсыныс әзірленді. Ол үшін алдымен су керек. Суатты, құдықты қалпына келтіру қажет. Сонымен бірге малшыларға жағдай жасау керек. Малшы табу қиын, тапқанның өзінде олардың талабы көп. Олар да жақсы жағдайда өмір сүргісі келеді. Байланыс та маңызды. Жарықты күн мен жел энергиясынан алуға болады. Жылжымалы вагондармен қамтып, осы қиындықты еңсеруге мүмкіндік бар, — деді жобаның жайылымдарды орнықты басқару бойынша ұлттық сарапшысы Бақтияр Садық.

Сарапшының айтуынша, ауыл халқы малын далалыққа жібере қоймауы да мүмкін. Себебі олар таңертең жайылымға жіберіп, кешке малдың алдынан шығуға үйреніп қалған.

Күн сайын көрмесе, алыстап кетсе, қорқып отырады. Сананы тәрбиелеу, бейімдеу де маңызды рөл атқарады.

— БҰҰ Даму бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асты. Алғаш кезде «жоғалып кетеді, өліп қалады» деп күмәнмен қарады. Кейін алыс жайылымға жайылған малдың 45-50 келі артық салмақ жинағанын көріп, дұрыс деген шешімге келді. Ауыл малын жеке-жеке шығармайды, олардың басын біріктіру керек. Ол үшін ауыл әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңес жұмыс істеуі тиіс, — деді Бақтияр Садық.

Сарапшының айтуынша, екінші үлкен бағыт тозған жерлерді сол күйі тастап кетуге болмайды.

Егер сол күйі қараусыз қалса, 15-20 жыл бойы қу тақыр күйінде қалуы мүмкін. Ол жерлерге климаттық ерекшелікке байланысты шөп өсіру маңызды.

Ақтөбе облысында бидайық, түйе жоңышқа, судан, мал азықтық тарыны да егуге болады.

— Жерді өңдеп, дән сеуіп тастау керек. Одан кейін тамыры қатайғанша бірер жыл қорғау маңызды. Кейін ретімен жайып отырса, ол 20-30 жыл қызмет ететін жайылым болады. Ал үшінші бағыт — жайылымды жүйелі пайдалану. «Жайылым туралы» Заңда Жайылымды басқару және оны пайдалану жоспары бар. Ол әр ауылдық округте 5 жылға жасалуы тиіс. Ақтөбенің Әйтеке би ауданы Аралтоғай ауылы, Мұғалжар ауданы Талдысай ауылына жоспар жасап береміз. Жобаға топырақ маманы, геоботаниктер, гис-картографтар қатысып, жоспар жасалады. Пайдаланушыларды оқытып, біліктілігін арттырамыз. Ол үшін Жайылым дала мектептерін ашамыз. Жайылымды пайдаланушылар ғана емес, әкімдік, жер қатынастары мамандары білімін көтереді. Проблема бар. Себебі 30 жылдан бері мал бір жерде ғана жайылып жүр, — деді Бақтияр Садық.

Пилоттық жоба аясында бүкіл Қазақстанның жайылым жерін қалпына келтіру жоспары дайындалады.

— Талдысай ауылдық округінде 3 шаруашылық дайындалып жатыр. Мамандар шаруалардың жерін тексереді. Кейін ғана жоспары нақты айталады. Қазір шаруашылық жерлерінде шөп шығымы нашарлап барады. Жылдан жылға үдей түсті. Жайылым да, шабындық та сондай. Кейде жайылымды шабуға туралы келеді. Бұл проблема бұрыннан бар. Мал басын көбейтуге де қиын, — деді Талдысай ауылдық округінің әкімі Айбек Муханов.

Ақтөбелік шаруа Сәндібек Қалдин жерді өңдеп, мал азығына жарайтын шөп егу ұсынысына келіседі.

Тек жусаны, қылқанбозы бар жерге екпе шөп шықпауы мүмкін. Себебі даладағы өсімдік ылғалды өзіне тартып алып, өзгенің тамыр жаюына кедергі келтіреді.

— Тұқымды, жанар-жағармайды берсе егемін. Сонымен бірге оны қоршау керек. Қаншама қаржы жұмсап, іс бастағанмен, жылқы таптап кетуі мүмкін, — дейді Сәндібек Қалдин.

Ал ақтөбелік практик маман ең бірінші фактор климаттың өзгеруі деп санайды. Тіпті жазда күн дұрыс ысымайды, жаңбыр нөсерлетіп, топырақ бетін шайып кетеді.

Ал көктемде қар тез ериді. Мұның бәрі топырақ құнарын жойып, жер деградациясына әкеледі.

— Жайылым жерді сақтау үшін еркекшөп өсіру керек. Оның тұқымын шашу қажет. Сонымен бірге қар тоқтату жұмыстары маңызды, — дейді Ш. Берсиев атындағы аграрлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы, практик маман Гүлнар Ещанова.

Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылғы 25 қазанда Қазақстан Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі және климаттың өзгеруі жөніндегі пилоттық жобасына қатысты. Қазақстан осы жобаны іске асыру үшін БҰҰ таңдаған 5 елдің қатарына кірді.

Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстанда шамамен 30 млн гектар жер деградацияға ұшыраған.

Оның ішінде 5 млн гектар жер су эрозиясына, 25 млн гектар жер жел эрозиясына ұшыраған.

Сонымен қатар елімізде 27 млн гектар тапталған жайылым бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT