Индер аудандық ветеринариялық станциясында еңбек ететін аққалалық Саттар Құлбаев – мал дәрігері ретінде 40 жылға жуық уақыт табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.
1986 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласының бел ортасында жүрген ол – қашан да мал жанын адам өмірінен бөле-жармай қарайды. Оның айтуынша, малға дұрыс қаралмаса, адамзат баласының да денсаулығына қауіп төнеді. Қазіргі таңда мал арасында бруцеллез сияқты жұқпалы аурулар, қарақұрт шаққан жағдайлар жиілеп отыр. Мұның бәрі – мал дәрігерінің рөлін еселей түсетін маңызды факторлар.
Жақында Мал дәрігерлері күніне орай «Ветеринарияның құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған Саттар аға – елге еңбегімен танылған жан.
Ол – ел Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мал дәрігері де маңызды жұмысшы маман екенін атап өтеді.
Жастарға айтары: «Қиындықтан қашпай, тәжірибе жинап, табанды болыңдар. Сонда ғана нағыз маман атанасыңдар!»
Адал еңбек, терең тәжірибе, елге қызмет – Саттар Билашұлының өмірлік ұстанымы.
Бүгінгі жастар үшін үлгі боларлық еңбек жолы!
Ақмарал БОКИРОВА,
Аққала ауылы
Индер ауданы