Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей, Отанды қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Осы ұлы міндетті орындау үшін еліміздің жастары жыл сайын әскери қызметке аттануда. Атырау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлімінде Серік және Берік есімді егіздер Отан алдындағы борыштарын бірге өтеуде.
Бір минут айырмашылықпен дүниеге келген бұл егіздердің үлкені – Берік.
Сарбаздардың айтуынша, олардың әскерге келуіне ата-анасының берген тәрбиесі үлкен әсер еткен. Тараз қаласынан шыққан егіздер әскери бөлімнің 1 жедел мақсаттағы батальонының 1 жедел мақсаттағы ротасында қатар қызмет атқаруда, себебі олар бір-бірінен еш ажырамауға тырысады. Сарбаздардың өзі айтқандай, араларында ерекше байланыс бар: бірінің сезінгенін екіншісі де сезінеді. Бұл – өз алдына ерекше құбылыс.
Серік пен Берік Атырау қаласының қоғамдық тәртібін қамтамасыз ету қызметінде де бір-бірінен ажырамай, полиция департаментімен бірлесіп жұмыс істейді. «Біздің мақсатымыз – борышымызды адал атқарып, ата-анамыздың қасына аман-есен оралу», – дейді егіздер.
Мұндай қызықты жайттар әскери бөлімде жиі кездесіп тұрады. Әскери бөлім басшылығы да бұл жағдайды назарда ұстап, егіздердің үнемі бірге болуын қадағалап келеді.
Ерлан ИПАТОВ,
5546 әскери бөлімнің командирі, подполковник