Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екенін айтып өтті.
-Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті. Үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес. Қазір мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көшті, - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, өңірлік кадр резерві – елдің мемлекеттік және қоғамдық қызметіне лайықты кадрларды іріктеп, олардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жоба. Бұл Президентіміздің бастамасымен өңірлердегі жас әрі қабілетті мамандарды қолдау, олардың көшбасшылық және басқарушылық дағдыларын дамыту мақсатында қолға алынған.
Жыл басынан бастау алған бұл жобаға өңіріміз бойынша түрлі сала мамандары қатысты. Нәтижесінде, бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өткендердің арасында біздің Исатай ауданы бойынша төрт мемлекеттік қызметкер бар. Олардың бірі сала басшысы болса, бірі саланың білікті маманы болып қызмет етеді. Атап айтсақ, Ринат Есқалиев, Серік Амиров, Айбек Нұрлыбеков, Дидар Жеткінов сынды азаматтар іріктеудің барлық кезеңінен сүрінбей өткен. Ал біз солардың ішінде аудандық мәслихат аппаратының бас маманы, өңірлік кадр резервіне алынған резервші Дидар Жеткіновпен тілдесіп, сұхбаттасқан едік.
– Дидар Жеткінұлы, биыл өңірлік кадр резервіне іріктеу қалай өтті? Кезеңдері бойынша қиындық келтірген тұстары болды ма?
– Шынымды айтсам, мен қатысқан жобалардың ішінде уақыт жағынан ұзаққа созылған жоба осы болды. Әр кезеңнің қорытындысын асыға күткенімді жасырмаймын. Жобаның өзі бес негізгі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – құжат қабылдау, наурыз айында өтті. Содан кейінгі кезең – «Заңнаманы білуге арналған тестілеу», бұл сәуір айында болды. Үшінші кезең – «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеу», мамыр айының басында өткізілді. Осы алғашқы үш кезең мен үшін аса қиын бола қоймады.
Негізгі қиындықтар мен қызықтар төртінші кезеңнен басталды. Бұл кезең «Құзыреттерді бағалау» деп аталады. Бұл кезеңі мамыр айының соңында Астана қаласында өтті. Әр өңірден жиналған резервке іріктелушілер Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында арнайы мамандардың алдында бағаланды. Бұл жерде біз екі негізгі тапсырманы орындадық: «Топтық пікірталас» және «Аналитикалық презентация». Пікірталас барысында топ болып берілген мәселелердің шешімін табуға тырыстық, ал презентация кезінде нақты ұсынылған жағдайды зерделеп, қорғаныс жасадық. Бұл кезеңде бастысы – шынайы болу және тапсырманы өмірлік тәжірибемен байланыстыра білу болды. Барынша, жылдық тәжірибемен ұштастырып, өз ойымызды еркін жеткізе білуге ұмтылдық.
Ал бесінші, яки соңғы кезең – «Құрылымдық сұхбат». Атырау қаласында өткен бұл кезеңде облыс әкімі Серік Шәпкенов төрағалық еткен комиссияның алдында өзіміз таңдаған сала бойынша өңірдегі өзекті мәселелерді талқыладық. Мұнда кәсіби біліктілігімізді және сол саланы дамыту бойынша ұсыныстарымызды көрсетуге тырыстық.
– Іріктеу барысында ашықтық қамтамасыз етілді ме?
– Әрине, ашықтық қамтамасыз етілді деп айта аламын. Әр кезеңнің қорытындысын сайт пен әлеуметтік желілер арқылы бақылап, назар салып отырдық.Осылайша, сыннан сүрінбей өткен әріптестерімді тізімдерден іздеп, сол сәттерде үлкен толқу сезімінде болдым. Ашықтық пен әділдік толықтай сақталды деп ойлаймын.
– Алдағы уақытта өңірлік кадр резервінен не күтесіз, жоспарларыңыз қандай?
– Қазіргі таңда аудандық мәслихатта ұйымдастыру және құқықтық жұмыстарды қамтамасыз ету бөлімінде бас маман қызметін атқарамын. Бұл резервтен тек жақсы бастамаларға қарай жол ашатынына сенімім мол. Ең бастысы, өзімнің кәсіби біліктілігімді арттыру арқылы еліме игі қызмет етуді мақсат етемін. Бұл менің өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосу болып табылады. Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда мемлекеттілікті нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды бастамалар қолға алынуда. Ең алдымен, қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады.
Алдағы уақытта өзімнің кәсіби дағдыларымды әрі қарай дамытуға күш саламын. Төртінші кезең «Құзыреттерді бағалау» қорытындысы бойынша жеке кабинетіме арнайы есеп келді. Бұл есепте жетілдіруді қажет ететін құзыреттер көрсетілген. Сол бағытта жұмыс жасап, өзімді жетілдіруге бар күшімді салып келемін.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сағыныш ҚАЙЫР