Қасқырлармен алысқан күндер өтті...

(0 Votes)

Сұм соғыстың аяқталғанына биыл 77 жыл толса да, оның ізі әлі күнге дейін сайрап жатыр. Оны сол жылдары өмір сүрген қарияларымыздың жанарынан-ақ байқауға болады. Ал, олардың сөздерінен жарқын болашаққа деген сенім мен өскелең ұрпақтан күтер үміттің мол екенін аңғарамыз. Соғыс біреуді жетім, біреуді жесір етіп, ананы баласынан айырды...

Соғыспен тұспа-тұс келген бақыттты балалық шақтары ата-әжелерімізді ерте есейтіп, күлкісін ұрлады. Зұлмат жылдар өзінің қасіретін тартқызды. Осындай қиыншылықтың бәрін басынан өткеріп, бүгінде сол жылдардың куәгері болған Ұрқия әжеміздің әңгімесін тыңдап қайтқан болатынбыз.

Ұрқия Қабдырахманқызы 1936 жылы Мақат ауданынан 40 шақырым жерде орналасқан Мешіт елді-мекенінде дүниеге келген. 1965 жылдан бастап Мақат мұнай басқармасына қарасты балабақшада қызмет етіп, 1986 жылы зейнеткерлікке қалады. Ол соғыс басталғанда небәрі 5 жаста болса да, мектеп табалдырығын 14 жасында аттайды. Десе де, әжеміз әңгімесін сұрапыл соғыста жан аямай соғысқан әкесі мен ағалары жайында бастады.

«1941 жылы екі ағам соғысқа аттанды. Көп ұзамай олардың артынан әкемді де алып кетті. Біз әжем, анам және ағам төртеуміз қалдық. Небір қиын жағдайларды бастан өткердік қой. Малымызды баға алмай, жағдайымыз нашарлап кетті. Ауылда бар-жоғы 1-2 үй болатын. Одан бөлек, қазандық пен сенек бар. Оның төбесінде қасқырлар толып жүреді. Олар сиыр байлаулы тұрған қораның төбесін қазып, төбеден түсетін. Мен 6 жаста болғанда, өзіммен тетелес өскен ағам 8-де болды. Ағам қасына итін ертіп алып, қасқырларды қуам деп, таң атқанша көз ілмейтін еді. «Қасқырлар әйел адамға өш» - деп анам да басына ер адамның бөрікін киіп алып, ағама көмектесетін. Күндіз де шөптен жасалған шарбағымыздан түсіп, қойларымызды алып кететін. Алайда, ағам итіміздің күшімен аман алып қалатын. Солай жүргенде ағама салқын тиді ме, ауырып дүниеден өтті. Ағамды бейіт басына жерлей алмадық. Қысты күні қар болды, ауылда ер азаматтар да жоқ еді... Тек көрші тұратын ата мен әжей болды. Сөйтіп, үйдің қасындағы тақыр жерге жерледік. Артынан жер тегістеліп, орнынан ешқандай белгі де қалмады... Қарағым-ай, ол күндер құрысын, тек тыныштық болсын», - деп әжеміз балалық шағының қиындыққа толы кезеңін айтып, терең күрсінді...

Ұрқия Сарбалиеваның жолдасы - Риза Сарбалиев 1932 жылы дүниеге келген. Ол 45 жыл АТУ-да тракторист болып жұмыс жасаған. Балалық шақтары қиындықпен өткен екеуі 1954 жылы шақырақ көтереді. Бүгінде олардан тараған 5 ұл, 2 қыз, 15 немере, 15 шөбере және 20 жиен бар. Қазіргі таңда балаларының барлығы да өмірде өз орындарын тауып, қоғамда абыройлы қызмет атқарады. Одан бөлек, Ұрқия Қабдырахманқызы “Ұлы Жеңіске - 75 жыл” және “Қазақстан Мұнайына 120 жыл” медалімен марапатталған. Әр күнін шүкіршіліктен бастайтын әжеміз бес уақыт намазын қаза қылмайды екен. Бейбітшілілік заманның қадірін жақсы түсінетін оның бар тілегі - жер бетінде ешқашан соғыстың болмауы. Иә, зұлмат жылдардың қасіреті бітсін бе?! Әжеміз әңгімесін әрі қарай жалғастырды...

“Ауылымыз Сағыз өзенінің қасында болды. Су тасыған мезгілде арбаға өгізді жегіп, қырдың басына көшетінбіз. Себебі, су үйдің ішін басып кетеді. Анам өгізді жетектеп, біз арбаның үстінде отыратынбыз. Содан қырдың басындағы су жоқ жерге барып тоқтаймыз. Арбаны қойып, киізді жанына жауып, су кепкенше күрке қылып отыратынбыз. Талай бейнетті көрдік қой. Сол кезде тары мен бидай қуырып, ұннан нан көмкеріп жейтінбіз. Сөйтіп, мал бағып, от жағып жүргенімде жерошаққа түсіп кетіп, бір аяғымды күйдіріп алдым. Содан бір аяғым кем болып қалды. Сол күндер әлі есімде… 1944 жылы кіші ағам мүгедек болып оралды. Соғыс біткен соң 1946 жылы үлкен ағам келді. Содан соң Мақатқа көшіп келдік. 14 жасымда мектеп табалдырығын аттап, кішкентай балалардың арасында оқыдым. Оқып жүргенімде менімен қатарлас қыздардың бәрі маған таңырқап қарайтын. Ұялып, есіктің артына тығылып қалатынмын. Класста отырғанымда барлығы “Қайдан келдің?”, “Қайдан жүрсің?” деп мазақ қылатын. Ал, олар бізде қандай жағдай болғанын қайдан білсін? Сол кезде мектепке уақытында келуіме ешқандай мүмкіндік жоқ еді. Жағдай қиын болып, киерге киетін киімде болмағаны сонша, ағамның жұмыс етігін киіп баратынмын. Сөйтіп, 4 жыл оқыған соң, 18 жасымда тұрмыс құрдым”, – дейді Ұрқия әже.

Сондай-ақ, ол азғантай уақыт білім алса да, мектепті жақсы оқығанын, қазіргі таңда облыстық және аудандық газетіміздің тұрақты оқырманы екенін де тілге тиек етті. Одан бөлек, әжеміз әкесі туралы естелігімен де бөлісе кетті.

“Әкем соғыстан оралмады. Сол жақта ерлікпен қаза тапты. Әкем соғысқа кетер алдында түс көріпті деседі. Түсінде үйіліп тұрған үш шөптің біреуін түйе бір тістеп, екінші шөпті екі-үш рет тістеп, үшінші шөпті түгелдей жеген екен дейді. Содан ол сол желінген шөпті «Мен соғыстан келмейтін шығармын» деп өзіне жорыса керек. Ал, екінші шөпті екінші баласының жаралы болып, бірінші баласының аман-есен келетінін келетінін айтқан екен. Сол көрген түсі рас болғандай. Әкеме туған жерінің топырағы бұйырмады ғой”,- деп сағынышпен есіне алды.

Иә, бұл соғыстың ауылға жеткен ызғарына тоңып, суығына шыдаған олардың көргені - күні бүгінге дейін көз алдарында. Самайларына түскен ақ шаштары мен әрбір әжімдері - сұрапыл соғыс жылдарының куәсі ме дерсіз. Ал, олардың көрген қиындықтары мен ерліктері бейбіт күніміздің себепкері. Жүріп өткен жолдары – бүгінге тарих болса, тайсалмайтын жігерлері - өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.

Ә.ТАЛҒАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521