“Сынық қанат көбелек, ол да өмір іздемек” - Абай аудармасындағы осы бір тағылымды сөз тағдырдың сынағына тап болған талай жанның қайта еңсе тіктеуіне түрткі болды ау. Өмір үшін күресе білетін өжет жандардың мүмкіндігі ешқашан шектелмек емес.
Өткен аптаның сейсенбісінде мүгедектер спорттық клубының үстел теннисі және жеңіл атлетикадан Атырау облысының құрама команда мүшелері ауданымызға арнайы ат басын бұрып тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен жандарға арнап шеберлік сағатын өткізді.
Қайсар жандарымыз аталмыш клубта бүгінде спорттың 17 түрі бойынша жаттығады екен. Олардың жетіп жүрген жетістіктері де аз емес. Тіпті ел намысын параолимпиада ойындарында қорғап, жүлдемен оралған жерлестеріміз қаншама. Дәл осындай абыройлы ұжымның ауданымызға арнайы келіп, қолдау танытуы мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміз үшін үлкен қамқорлық. Шарада алғашқылардың бірі болып сөз алған аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы Тыныштық Ещанова “Бұл сіздер үшін үлкен мүмкіндік. Тек алға қарай қадам басуға ұмтылыңыздар. Егер спортпен тұрақты түрде шұғылданамын десеңіздер сіздер үшін арнайы инвотакси тегін қызмет көрсетуге дайын”,-деп ағынан жарылса, Мақат балалар жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Әмірхан Жүгінісов айналысатын спорт түріне қарай арнайы бапкер тағайындауға дайын екенін айтып өтті.
Атыраудан арнайы келген меймандарымыздың шеберлігіне тәнті болып, олармен жұптаса өнер көрсеткен жерлестеріміздің көңілдері осылайша бір сергіп қалды. “Мен өзім бұған дейін дойбы үйірмесіне қатысқым келіп жүрген. Бірақ бүгінгі шеберлік сағатынан кейін үстел теннисіне деген қызығушылығым оянды. Енді спорттың осы түрімен айналысып көрсем бе деймін. Біз үшін барлық жағдайды жасап жатқан шараның ұйымдастырушыларына алғысым шексіз”,-дейді аудан тұрғыны Гүлайым Маженова.
Шара соңында Мүгедектер спорттық клубының директоры Аманбай Қыздарбайұлына аудан әкімі Ринат Хисаұлының алғыс хаты жолданды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың рухын, спортқа деген ұмтылысын көтеріп, жеңімпаздарды дайындауда орасан еңбек сіңіріп жүрген аталмыш ұжымға тек толағай табыстар тілейміз.
А.САДЫҚОВ