Бір волгамен он үй салған ардагер

(0 Votes)

Өкінішті сол ауданымызда бұл күні көзі тірі Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлер қалмады. Бүгінгі жас ұрпаққа өткен күннің ауыр тарихын тыл еңбеккерлерінің естеліктері арқылы жеткізіп келеміз. Қазіргі таңда ауданда 25 тыл ардагері ғана бар. Мереке қарсаңында сол жылдардағы қиыншылықты, тылдағы тынымсыз тіршілікті оқырмандармен бөлісу үшін тыл ардагерін іздеген болатынбыз.

Таныс-тамыр арқылы доссорлық Рахмеджан Исмағұлов есімді ақсақалдың байланыс нөмірін таптық. Дегенмен балаларының ұялы байланыс нөмірі болар деп, сұхбаттасу үшін байланысқанымызда тұтқаны Рахмеджан атаның өзі көтерді. Біз іздеп тапқан телефон нөмірі Рахметжан атаның өзінікі болып шықты. Иә, біраз таңырқап қалғанымыз рас. Егде жастағы ақсақалдың өз ұялы телефоны болғаны біз үшін қызық болды. Бірақ Рахметжан ата әлі де тың, өзі газет, кітап оқып, алыстағы балаларын телефон арқылы іздеп отырады екен. Иә, бұл күні Рахмеджан ақсақалменмен байланысқанымыз бекер болмапты. Біз телефон шалған 3 мамыр күні атаның 90 жасты алқымдап жатқан туған күні екен. Келесі күні шаңырағына барып сұхбаттасудың сәті түсті.

Рахметжан Нұрқожаұлы 1932 жылы Доссорда өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі Нұрқожа домбыра тартқан күйші, анасы Мақпал да той бастаған домбырашы болған. Сондай-ақ, әкесі Миялы мен екі ортаны жол қылған ауылдағы екі шөпірдің бірі еді. Әкесін Рахмеджан ата былайша еске алды: «Қызылқоғаға қарай екі орта да екі машина жүрген ол кезде. Соның бірі әкем. Барлық адамдар әкемнің көлігіне отыратын екен. Жолаушылар әкеме «Алла разы болсын!» айтып түсіп жүре беретін болған. Сол кезде адамдар негізі Нұрқожаның «Алла разы болсынынан» үй салатын уақыты болды деп әзілдейтін көрінеді. Сонда әкемнің ақ көңілділігі сол «Алла разы болсын!» деген сөз үшін оларды тегін таситын болған. Ал, екінші шөпір ақшаға апарады екен»,- деп күле еске алды ақсақал.

Рахмеджан ата ауылдағы кешкі мектептен білім алады. Соғыс басталған жылдары небәрі 9 жаста болған ол кейін тылда шыңдалады. Ересек жігіттер, жарамды деген ер азаматтар түгелімен Отан қорғау жолында неміс басқыншыларына қарсы соғысқа аттанғанда, олар сол ағаларына азды-көпті көмек қолын созып, елден қажет деген сұраныстарын жеткізуге күш салады. Әрине, тылдағы елдің жағдайы мәз болмағанын жақсы білеміз. Бұл кезде тыл да, майдан да бір мақсатпен, ортақ мүдде жолында бар қиындыққа төтеп беріп жатқаны белгілі. Ел басына түскен қиындықтарды жыбырлаған жан қабырғасы қайыса бірге көтерумен әлек болды. Сол уақытта боз бала Рахмеджан ата-анасына қолқабыс етіп, шаруа қамымен күн кешті. Ауылшаруашылығы алаңдарында жұмыс жасауға құлшыныс жасады. Шөп шауатын науқандарда оны шауып, жинасып, тиесіп жүрді. Кейіннен көлік айдап үйреніп тамақ, жем-шөп тасыды. Бала емес пе, жұмсаған жаққа қолды-аяққа тұрмай шауып кететін де жұмысын бітіріп келетін. Майдандағы, тылдағы осындай еңбектің нәтижесінде соғыс алауы сөніп, жеңіс туы желбірейді.

Уақыт өтіп, 1950 жылдары Рахмеджан ата Отан алдындағы борышын өтеу үшін Германияға аттанады. Сол жақта үш жыл әскерде Артиллерия полкінде взвод командирі болып борышын өтейді. «Елге келгесін бірден еңбекке араластық. Ауылдағы автоколоннада соғыста пайдаланылған көліктерді жөндеп, пайдаға асырдық. Кейін Гурьев техникумында шөпірлікті оқып, көлік жүргізуші куәлігін алдым. Содан ауылда соғыстан қалған машиналарды оңдап, ауыл шаруашылық жұмысына араласып кеттік. Совхозға жем, күнбегі-күнгі ішіп-жейтін азық-түлікті тасыдық, ол кезде құрылыс енді белен алып келе жақан кезі болатын, үй салуға материалдар тасыдық. Былайша айтқанда қайнаған жұмыстың ортасында болдық», - деді ақсақал өткен күннен сыр шертіп. Жастық жігер қойсын ба, Рахмеджан ата текетіресіп, көлік жөндеуге икемденіп, автоколонна жұмысына күш салады. Әке жолын қуаған ол бұл істе өзін едәуір епті екендігін аңғартады. Жұмысқа қиын кезеңде алынса да, жауапкершілікті жақсы түсіне білуінің арқасында өз ісінің шебері атанады. Ә дегеннен, бастықтардың көзіне түсіп, мехник ретінде жаңа жұмысқа көтеріледі. Өмір майданында жүріп, білмеген тұстарын аңғарып, тәжірибесін ұлғайта түседі.

«Ол кезде мекеме басқаруға ыңғайлы азаматарды қарастырадығой. Басшылыққтың көзі маған түсіп, басқаруға ыңғайлы азамат деп мені гараждың бастығы қылып сайлап қойды. Содан не керек бір жылдары Доссор автокөлік кәсіпорнының директоры болып шықтыққой»,- деді жымия қария.

Бір жылдары Рахмеджан Нұрқожаұлын Ресейдің Люберецкий ауданындағы автоколоннада басшылық қызмет атқарған. Ол жақтағы адамдардың жұмысқа жауапты, іскер, тәртіпті болғандығында айтуды ұмытпады. 1970 жылдары автокөлік кәсіпорынында жасап жүргенде Рахмеджан ақсақалға үкімет жаңа «волга» автокөлігін берген. Әрине, көлік тапшы уақытта бұл өте бағалы сыйлық еді. Сол жылдары жұмыс бабымен Ақтауда жүргенде ол бір құрылыс компаниясының басшылығымен танысып, өзінің волга машинасын үй салуға қажетті құрылыс материалдарымен алмастыруға келісім жасап қайтады. Десе де, ауылға келгеннен кейін Рахмеджан ата көлікті жібере алмай біраз кедергілерге тап болады. Бірақ, материалдар пойызбен бірінен соң бірі келе бастайды. «Волга әлі ауылда, бірақ қажетті құрал жабдықтар үсті-үстіне келе бастады. Сол кездегі адамдардың бір-біріне деген сенімділігі қандай еді. Бір көрген адам, бір таныстықтан кейін маған осылай жасады. Менде жолын тауып, әйтеуір волганы жаңа иесіне жөнелттім»,- деген ақсақал сол материалдар арқылы, қазіргі Доссордағы үшінші ауылдан кәсіпорындағы шөперілерге арнап, екі үйліктен 10 үй салып береді. Осылайша бір волганың арқасында 20 жұмысшы баспаналы болады. Бұл үйлер әлі де бар екенін, адамдар әлі де тұрып жатқанын естіп қуанып қалдық.

1958 жылы Рахымжан ата жұбайы Дариға әжемізбен қосылады. Бұл махаббат хикаясының да өзіндік кішігірім тарихы бар. Дариға әжеміздің ағасы Мирхан Рахмеджан атамызбен жұмыстас болған. Құрманғазылық ол бір де іс-сапармен Доссорға келеді. Жанында қарындасы Дариға болады. Бұл оқиғаны Рахымжан атаның үлкен қызы Күлпаш апамыз айтып берген еді. «Әке-шешіміздің қалай табысқанын нағашымыз күліп еске алып айтып отыратын. Доссордың тентек балалары жұмысқа келіп, оны қарайлап жүретін көрінеді. Іштей тиіскілері келіп жүрген болар деп нағашым қорқады екен. Бір күні олар Мирхан деген сіз ба, сіздің Дариға деген қарындасыңызды біз Рахмеджан деген досымызға алып қашып кеттік деп айтыпты. Содан бір терең демалған нағашым «алып қашса қашсын, тек маған тиіспесе болды» деген екен»,- деп күлді Күлаш апа. Рахмеджан әке мен Дариға анадан 8 ұрпақ дүниеге келеді. 1 қыз және 7 ұл. Олардан бүгінде 20 немере және 35 шөбере тараған. Ұлдарының дені шөпір, мұнайшы, дәнекерлеуші, жонушы мамандықтарын таңдаған. Дариға анамыз өмірден ерте өтіп, бүгінде Рахмеджан ата кенже ұлы Батырбектің қолында жапырағы жайқалған бәйтерек болып отыр.

Ақсақалдың төсінде 12 медалі бар. Ленин ордені, Тылда еңбек еткені үшін, Еңбек ері, ауданның құрметті азаматы, Ұлы Жеңістің 50, 65, 75 жылдығына арналған және т.б медальдар ақсақалдың төсінде өткен күннің естелігі болып жарқырап тұр. Жалпы Рахмеджан ақсақал төрт ағайынды. Одан басқа бауырларының бәрі де өнерге деген жақындығы бар. Үлкен ағасы Ғинолла Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінде домбырашы болған, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі. Ал, інісі Жұмажанның есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Теміржолшылардың әнұранына айналған «Машинист» әнінің авторы, ардагер теміржолшы. Қарындасы Махи бүгінде Ақтөбеде ғұмыр кешуде. Тылдағы қара жұмыстан шыңдалған Рахмеджан атаның өмір жолы осындай. Биыл 90-шы көктемін қарсы алған қария ең бастысы бейбіт өмір болса екен дейді.

М.ІЗТҰРҒАНОВА. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521