Бүгін Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев, қалалық мәслихат төрағасы Бейбіт Мырзағалиев, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Арман Баженов, қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев бастаған бірқатар азаматтар Жеңіс саябағында орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды.
Тағзым ету барысында қатысушылар ХХ ғасырдың зұлмат жылдарында жазықсыз жапа шеккен, елі мен жері үшін құрбан болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Анықтама үшін: Тарихи деректерге сүйенсек, Атырау облысы бойынша 4 460 адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Бұл – халқымыздың жады мен жүрегінде мәңгі сақталатын қасіретті кезеңнің куәсі.
Бүгінгі ұрпақ – өткеннің ауыр сабағын ұмытпай, бейбіт өмірдің қадірін білуі тиіс. Құрбандардың рухына тағзым ете отырып, әділет пен адамгершілікке негізделген қоғам құру – баршамыздың парызымыз.