Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында газетімізге өмірден өткен ардагер атасы, әкесі жөнінде деректерді, өмірбаянын әкелген жандар көп болды. Барлығы да сол бір соғыста жаумен жанкештілік таныта соғысқан жақындарының ерлігін ел-жұрт ұмытпай, еске алып жүрсе деген сеніммен келетіні сөзсіз. Өз кезегінде біз де олардың аманатын газет бетіне сауатты түрде жариялауда өз үлесімізді қосып келеміз. Бұл тақырыпта естелік жазуға қаламым жатық келетінін жасырмаймын. Оған себеп өзім де сол соғыс ардагерінің тәрбиесін көріп, батасын алғанымнан шығар.
Менің де қарт нағашы атам Әбдіқұл Тлекбаев Ұлы Отан соғысына қатысқан, Еңбек ардагері еді. Атамның көзі тірісінде, менің бала кезімде Есбол ауылында соғыс ардагерлері көп болған-ды. Әсіресе, Жеңіс күні төсінде жарқыраған медалі көп аталар мен әжелер көше бойында қауқылдасып, клубқа қарай бет алатын. Сұм соғыста бірі аяғын, бірі қолын беріп келсе де жасы кішілері үлкендерге бірінші амандасып, ізеттілік көрсететін. Сол кезде қаншама көзі тірі тарихтың ортасында болғанымды енді түсінгендеймін. Әттең, ол уақытта журналист емес, бала Айнұр едім. Әйтпесе, аталарымнан қаншама құнды дерек жазып алушы едім. Әйтсе де жасы тоқсаннан асып өмірден өткен нағашы әжем, тыл ардагері Дәмет Тлекбева осы ауылдағы, ағайын арасындағы соғыс ардагерлерін, еңбегі елге елеулі жандар туралы маған аманат етіп көп айтатын. Солардың бірі әжемнің немере ағасы, екінші дүниежүзілік соғыстағы атақты «Марс» операциясының куәгері, Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмет Дәулетов пен оның ұрпақтары туралы да үнемі қайталап отыратын.
Құрмет Дәулетов 1919 жылы 5 қазанда Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Ұштағанда дүниеге келген. 1932 жылы Бақсай ауданына қарасты Яманқа (Махамбет) ауылындағы орта мектепте 7-ші сыныпқа дейін оқып, 1938/39 жылдары Гурьевтегі Жамбыл атындағы орта мектепте оқып, 9-шы сыныпты аяқтаған. 1940 жылы Гурьев қаласында ашылған 2 жылдық мұғалімдер институтында 3 айлық әзірлік курсын тәмамдап, 1940/41 жылдары сол институттың 1-курсының тіл-әдебиеті факультетінде оқып жүргенінде қызыл әскер қатарына алынады. Алғашқыда Ақтөбеде Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қызылқоға жастарынан жасақталған 101-артиллериялық атқыштар бригадасының құрамында болып, дайындықтан өткеннен кейін майдан шебіне аттанады.
«Әкеміз соғыста жаяу әскер құрамында минометшілер және шаруашылық взводтарында қызмет еткен. Ұрыс даласында жарылған снаряд пен бомбадан, қарша бораған оқтан көптеген жолдастарының көз алдында қырылып кеткенін бізге айтып отыратын. Аман-есен елге оралған соң соғыста жазып жүрген қойын дәптерінде қарулас жолдастарының аты-жөні, жүріп өткен жерлеріндегі елді мекендердің атаулары сақтаулы еді. Бір күні окопқа түскен снарядтан орыс досы Иван екеуі жараланып, жолдастары қаза табады. Сонда өлім мен өмір арасындағы сәтте елге аман жетсек, ұлымызды достығымыздың белгісі ретінде есімдерімізбен атаймыз деп уәделеседі. Соғыс біткен соң елге аман оралып, әкем үлкен ағамызды Иван деп атаған екен. Соғыста жаяу әскер бағытында минометші болып, бірнеше рет жараланып аман қалады. Кейіннен денесінде қалған сол оқтардың жарқыншақтары бұлтты күндері маза бермейтін»-дейді өз естелігінде ардагердің ұлы Ибатолла Дәулетов. Соғыс салған жара қаншама жауынгердің тәнін ғана емес, жанын да мәңгі жаралап кетті. Содан болар, соғыстың сұмдығы туралы ардагер аталарымыз көп айтпайтын. Айтуға да ауыз бармайтын сұмдықтар болған еді. Бір ғана ажал аузындағы адамды көрудің өзі ауыр болса, мыңдаған, миллиондаған қазақ жауынгерінің қан бөккен далада қалғанын көзбен көру қаншалықты қиын екенін айтып жеткізе алмаспыз. Ресми деректерге сүйенсек, Құрмет Дәулетов сынды мыңдаған жауынгер қатысқан Калинин түбіндегі шайқаста, «Марс» операциясын жүзеге асыруда қазақстандық 100-ші, 101-ші бригадалардың алдыңғысы он мың, соңғысы үш мың жауынгерден айырылған екен. «Ұлттық бригадалардың тоқсан пайызы Ржев аймағындағы орманды ми батпақта мәңгілік қалды» деп жазған екен 101- ші бригаданың рота жетекшісі Игілік Дадабаев өз естелігінде.
«Жеңістің 70 жылдығына дейін дәл осы Ржев түбіндегі шайқас пен «Марс» операциясы жөніндегі деректер құпия сақталып келген еді. Дәл осы жылы жергілікті «Прикаспийская коммуна» газетіндегі ҰОС ардагері Құбаш Медеубаев туралы жазылған «Он выжил в долине смерти» деген мақаладан және Атырау газетіне жарияланған ҰОС ардагері Демеу Таубайұлы туралы «Марс» операциясы. Ол неге бүгінде құпия сақталады?» деген материалдан оқып, әкеміздің соғысқан аймақтары туралы көп дерек білдік» дейді өз естелігінде И.Дәулетов. Ұлы Отан соғысы басталған уақытта қазақстандықтардың үштен бірі 1942 жылы дайындықтан соң «Марс» стратегиялық шабуылдаушы операциясына жіберілген екен. Атақты жазушы Илья Эренбургтің өзі «төрт жылдық соғыста бәрінен бұрын «Ржев» шайқасын ұмыта алмадым» деп жауап берген екен. Осы бір кескілескен қанды ұрыстарда Алматы мен Ақтөбе қалаларынан жасақталған, 100, 101-ші атқыштар бригадасы асқан ерлік көрсетіп, он мыңдаған жауынгер жанын берді. Сондай ұрыстардан аман қалып, елге жеткен жерлесіміз Құрмет Дәулетовтің ұрпақтары бүгінде оның ерлігін ұмытқан жоқ.
Бала күнінен ата-анадан ерте айырылып, бірге туған сегіз ағайындының екеуі шешектен қайтыс болады. Өзі де сол аурудан аман қалған Құрмет Дәулетов әке-шешеден қалған кіндіктен жалғыз ұл еді. Мектептен соң бірден соғысқа аттанып, жастық шағын ұрыс даласында өткізген ол елге келіп те еңбекке араласады. Қызықоға ауданы, Қарабау селосында жездесі Ерманов Төлегеннің қолында тәрбиеленіп, еңбек етеді. Ақтөбеден сауда техникумын бітіріп, Қарабауда жұмысшылар кооперативінде қойма меңгерушісі болып, көп жыл қызмет еткен. Сол жақтан Есентемір руының қызы Рахима анамызбен көңіл жарастырып, отау құрады. Өзі де көп балалы отбасынан шыққан әкеміз бен анамыз өмірге 10 бала әкеледі. Бүгінде сол ұрпақтарының сегізінің көзі тірі, осы өңірде қоныстанған. Барлығы да жақсы білім алып, жоғарғы оқу орындарын тәмамдап, елге қызмет еткен. Екі қызы ауданға белгілі бала дәрігері болса, бір ұлы мемлекеттік саланың ардагері Ибатолла Дәулетов, бірі заңгер – Қизатолла Дәулетов. Үлкен ұлы Иван Құрметұлы қазір Есболдағы қара шаңырақты ұстап отыр. Қалған балалары да өмірден өз орнын тауып, жеке кәсіппен айналысуда. Соғыстан кейінгі жылдары Құрмет ақсақал жастық шағын Қарабауда өткізсе, 1970 жылы туған жеріне табан тіреп, Жайық бойын жайлаған ағайынға қарай қоныс аударады. Содан Заурал кеңшарында бригадир, Есболдың алма бағында бағбан болып еңбек етіп, небары 66 жасында соғыс көрген алып азаматтың жүрегі мәңгілікке тоқтайды. Соғыстағы және шаруашылықтағы қайта қалпына келтірудегі еңбектері үшін «За боевые заслуги, «За победу над Японии», «За доблестный труд», т.б медальдарымен марапатталған. «Бір әкенің берген тәрбиесін мың мектеп бере алмайды» деген сөздің астарында расымен үлкен мән жатыр. Өзінің өмір жолымен-ақ ұл-қызына мың жылдық азық қалдырып кеткен Құрметтей жақсы әкенің артында ұрпақтары барда аты өшпейді.
А.САТАЕВА