Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар мәселелерді көтерді.
Соның бірі - Үкіметтің жұмысында қайта-қайта кездесіп жатқан олқылықтар. Расымен біресе жанармай, біресе қант жетіспей, халықтың басы қатқаны жасырын емес. Осы тұста Президентіміздің олқылықтар орнын толтырмаса кадр қайта өзгеруі мүмкін дегені орынды. Өйткені, еліміздегі бірқатар көтерілген мәселелер әлі де болса өз шешімін табар емес.
Айталық, келесі жылдың бірінші жартысында мәслихат және мәжіліс сайлауын өткізу ұсынылды. Мемлекет басшысы бұл арқылы көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамы жасақталатынын атап өтті.
«Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттыратыны сөзсіз. Болашақта Үкіметтің құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауыстарын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушыбилікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретіні тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді»-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ендігі кезекте Президенттің берген тапсырмалары жүйелі орындалса, алдағы мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтетін болса, билік жаңаратын болады. Жаңа да әділ Қазақстан құру жолындағы бұл қадамды мен де құптаймын.
Шаяхмет Ишанғалиев,
аудандық қоғамдық келісім төрағасы