Жеті қырлы, бір сырлы Бекзат

(1 Vote)

Ауылға барам, бәрі де туыс ел жаққа,
Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар жоққа... Аудандық мәдениет үйінің сахнасын қазақы қалыптағы қоңыр үн кернеп барады. Жиылған жұртшылық әуеннің әсем ырғағымен тербеліп, әннің сөзіне ет жүректері елжірей қосылуда. Ал, бұл өзіміздің Бекзаттың дауысы ғой.

21-ші мамыр мәдениет қызметкерлерінің күні қарсаңында аталмыш өнер ордасының белді қызметкері Бекзат Муханбетжановпен бүкпесіз сұхбат өрбітуге бекіндік. Өзінің қоңыр дауысымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген ол бес жасынан әнге әуестенгенін айтады. Өнерлі отбасынан өрбіген ұл сол кезден-ақ "Әнші балапан",   "Айгөлек", "Айналайын", "Жас қанат" сынды фестивальдерге қатысады. Қатысып қана қоймай, барған жерінен бәйгесіз оралмайтын нағыз шеберге айналды.

Анау Ұзынағашта өткен "Әсеттің әсем әндері-ай" атты республикалық ән байқауында  алматылықтардың  алғысына бөленген ол "Қазақстан таланттары" бірінші республикалық ән байқауында бас жүлдеге ие болды.

Төрткүл дүние көз тіккен "Экспо-2017" көрмесінде белсенділік танытқаны үшін, аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Шымкент қаласында өткен ақын, сазгер И.Сапарбайдың республикалық "Еркіндігім - Елдігім" атты ән байқауында жоғарғы деңгейде өнер көрсеткені үшін "Ғажайып танго" арнайы жүлдесімен марапатталды. Кейіпкеріміздің бөленген марапаттарын тізе берсек, таусылмас. Бұлар "көзге көрінетін бетіндегі қаймақтары" ғана. 

 "2012 жылдан бері аудандық мәдениет үйінің дыбыс режиссері қызметін атқарамын. Жалпы, менің қызметім аудан көлемінде өткізілетін мәдени шараларға дыбыс аппаратын қосып, шараның жақсы өтуіне жауапкершілік таныту",-дейді ол.

Таланты тасып тұрған кейіпкеріміз жалындаған жастық шағында  режиссер екенмін деп отырып алсын ба? Бекзат бұл қызметінен бөлек, "Мақат әуендері" вокалды аспаптар ансамблінің, "Тұран" триосының, "халықтық" театр ұжымының  және "Мәдениетті жастар" көңілді тапқырлар клубының белсенді мүшесі. Бұл аз десеңіз, "Тамаша" ойын-сауық отауынан да табылып тұратыны бар.

Жезтаңдай жігіт  жексенбі күндері  қолы қалт ете қалса, көпшіліктің қуанышын бөлісіп, той-топырдың арасынан табылатынын да жасырмайды. "Қазір жанды дауыспен ән орындай алмайтын кейбір әншілер көңілді қынжылтады. Дайын әнді дискіге жазып алып, ауызын жыбырлатқанның несі сән?",-дейді "касионың"кезінен келе жатқан кәнігі музыкант.

Ол жұбайы Әсем екеуі бүгінде 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған жайы бар.

"Өнер -адамшылықтың терезесі",- деп Хакім Абай айтпақшы, бекзат өнерді бойына дарытқан Бекзат Ыбрайымұлы адамзатқа ортақ, шекарасыз мәдениет әлемінің кейіпкері болғанын мақтан етеді.

Теңіздей терең  тарихымыздың мәдениетпен егіз екенін есінен шығармай ұлы даланың төсін дүбірге бөлеген кешегі бабаларымыздың мол мұрасын аманат ретінде сезініп жүрген әрбір мәдениет қызметкерінің қадірі ерекше. Тағы да төл мерекелеріңізбен!


А.САДЫКОВ       

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT