Халықаралық жастар күніне орай Доссор мәдениет үйінің жазғы сахнасында мерекелік концерт өтті.
«Жастар – ел мақтанышы» аталған думанды кешті аудандық жастар ресурстық орталығы және кент өнерпаздары ұйымдастырды.
Шара шымылдығын ашқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандарбек Абдрахимұлы жастарды мерекемен құттықтап, еліміздің дамуындағы жастардың рөлін атап өтті. Кейін, кеш бойы кент қонақтары мен тұрғындары өнерлі жастардың қойған концертін тамашалады. Талантты жастар ән де салды, би де биледі. Атап айтқанда, Айнұр Садуақасова «Бұлбұлым», Данияр Еримов «Алаш айбары», «Махаббатты армандаймын», Анаргүл Төлебаева «Қазағымсың», «Халқым-ай», Ләйлі Әлібек «Әжетайым», Қайырбек Бағытов «Бұл әнім», «Бағалым», Айнагүл Әбілқасова «Жан гүлім», Амандық Төлегенов «Ғашықпын», Гүлнұр Қуанышева «Простая песня» әнін шырқаса, «Еркем-ай» би тобы флешмоб билеп, кеш көркін қыздырды. Қағытпа әзілдерімен кенттің көзайымына айналған «Доссор» құрамасы көңілді көріністерімен көрерменнің ықыласына бөленді. Сондай-ақ, кеш барысында викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге естелік сыйлықтар үлестірілді.
Жастардың төл мерекесінде ауданның жастар саясатына өз үлестерін қосып жүрген бір топ жастарды аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әсел Қаржауова "Алғыс хатпен" марапаттады.
Мерекелік шара соңы би кешіне ұласты.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі