Халықаралық жастар күніне орай орталық алаңда аудандық мәдениет үйі түрлі саладағы жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, "Мамандығым - мақтанышым" атты жас мамандардың сайысын өткізді.
Сайысқа жеті білім беру және бала тәрбиелеу ошақтарынан 8 жас маман қатысты. Жарысқа өзге де сала иелеріне қатысу үшін ұсыныстар түскенімен, олардың қарасын көре алмадық. Бұл орайда білім беру бөліміндегілер қашанда алда жүретіндігін тағы бір дәлелдеді.
Таныстыру, сұрақ-жауап және өз өнерін көрсету секілді үш кезеңмен қамтылған сайыста үміткерлер өзге де қырларын ортаға салып, жаңаша танылды. Жарыстың алғашқы бөлімінде жас мамандар өздерін өлең шумақтары арқылы таныстырып, тегін, руын, әулетін және жасап жатқан жұмыстарын жиналған жұртшылыққа жеткізді. Түрлі логикалық және салт-дәстүрге қатысты сұрақтарды қамтыған екінші кезеңде қатысушылардың кейбірі сәл іркіліп қалды. Шынында да қазір "Ау жар", "Қымызмұрындық", "Сыралғы" секілді салт-дәстүрлерді көбі біле бермейді. Ал, логикалық сұрақтарға келгенде қиыннан қиыстырған сауалдардың жауаптары көпшілікті тәнті етті. Әйтпесе ұзарған сайын қысқаратын нәрсенің - адам өмірі екенін былайғы уақытта біле қоюымыз екіталай еді. Бұған дейінгі екі кезеңде иық тірестіріп келген жарыс жолындағылар бар өнерін ақтық кезеңде көрсетті. Бірі мың бұрала би билеп, бірі әуелетіп ән шырқаса, келесі қатысушы тебірентіп тұрып көркем сөз оқыды. Қолөнер бұйымдарын ұсынғандар да табылды.
Аудан өнерпаздары қазылардың қорытындысы шыққанша өнерлерін ортаға салып, арадағы үзілісті үнсіз қалдырмады.
Сөйтіп, сайыс нәтижесінде бас жүлдені Абай орта мектебінен қатысқан Данагүл Жанетова жеңіп алса, I орынды «Болашақ» балабақшасының намысын қорғаған Жұлдыз Ғаниева, II орынды №2 бастауыш мектебінің намысын қорғаған Меңсұлу Басиева иеленді. Ал, «Нұрбөбек» балабақшасы атынан бақ сынаған Айдана Көшкенбаева үшінші орын жүлдесін қанжығасына байлады. Жүлделі орындар жарыстың шартына сай берілгендігі болмаса, сайысқа қатысушылардың барлығы бірдей жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сол себепті «Әсел» балабақшасынан қатысқан Гүлимзия Альмуханова «Өнерпаз» маман атағына ие болса, дәл осы ұжымнан келген Айдана Губайдуллина «Шығармашыл маман» атанды. «Ботақан» балабақшасының тәрбиешісі Алтынгүл Қожақова «Жас маман» деп танылса, С.Шарипов атындағы мектеп-интернатынан қатысқан Самал Қуанышева «Ізденімпаз маман» деген атқа ие болды.
Осылайша жастар жылы аясында ұйымдастырылған шара көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.
А.Садыков
суреттер автордікі